Отандық әнші, “МузАрт” тобының мүшесі Сәкен Майғазиев тойда Кенжебектің шашына жармасқан ер адамның әрекетін барынша ақтап алуға тырысты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Эстрада жұлдызы әлеуметтік желідегі парақшасында тойда болған келеңсіз жағдайға қатысты жазба жариялап, көпшілікті сабырға шақырды. “Кенжебектің бұйра шашынан тіпті Мейрамбек, Мақсат үшеуіміз тарта алмаймыз (керек болса).
"Ойыңызды неге жазбайсыз?", "Өнер адамдарын басынып барады", "Ананы орнына қою керек", "Жәй, ішіп алған шығар, неге сонша итеріп жібереді?!" деген хаттар жекеме көптеп келіп жатыр. Жә-жә, сабыр. Ол жігіт те тойға тойып келген шығар (көңілге де). Мүмкін, Кенжебектің шашы өзінікі емес-ау деп тексергісі келген шығар. Біреумен бәстескен шығар. Мүмкін Кенжебекке разылығын осылай білдіргісі келген шығар. Барынша ақтап алуға тырыстым”, – дейді Сәкен. Десе де, әнші өнердегі әріптесін жақтап, оның қайтарған жауабын орынды деп санайды. “Кенжебектің байсалдылығына, салқынқандылығына, ер жігітке тән ұстанымына риза болдым. Басынып, басына шығып "банкет" жасап бара жатқан жігітке автоматты түрде жауап қайтарып, итеріп жіберуін нағыз жігітке тән шартты рефлекс деп ойлаймын. Жарасып-ақ тұр. Десек те, өнер адамы елдің қоры емес. Әлгі жігіт әншіге ғана емес, басқа маман иесіне де қол салуға хақы жоқ. Дана қазақ "Ер шекіспей, бекіспейді" дейді. Әлгі бауырымыз қасиетті рамазан айында Кенжебекті ауызашарға шақырып, арадан қыл өтпестей дос болып, әулетімізбен туыстай араласып кететініне күмәнім жоқ. Ер жігіттің басынан не өтпейді, тәйірі. Бұндай оқиғалар талай болған. Жасасын қазақ жігіттері”, – деп жазды өнер иесі.