Танымал әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы Фариза Төреәлі оқырмандарын толғандырып жүрген сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Бұл туралы ол Instagram-парақшасында бөлісті.
"Жазатын уақыт келді. Бірнеше жылдар бойы тоқтаусыз келетін сұрақ жайлы өз ойым. Жүктілік жайлы. Бала жайлы. Жазбасам да болар еді, алайда мен сияқты қыздарды сөзбен болса да қолдағым келеді. Күнделікті сұрақтарға үйреніп қалғанмын, бірақ өзінің де, өзгенің де шекарасын сезбейтін, өзіне қатысы жоқ нәрсеге араласатын адамдардың істері жағымсыз сезім алып келетіні өтірік емес. Дәл солай қаншама қыздарға да көрінген адамнан "қашан күйеуге шығасың, отырып қалатын болдың ғой?", "қашан туасың, қанша жыл болды" сынды сұрақтарды есту ұнайды деп айта алмаймын. Өзгенің өміріне шектен тыс араласу мәдениетке де, иманға да жатпайды. Себебі хадисте былай делінген: "Көркем мұсылманның белгісі - өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы". Сондықтан сіз де, біз де өзгенің көңіліне қарап сөйлеуді, шекара дегенді біліп жүрсек жаман болмайды" - дейді ол.
Фариза Төреәлі мұндай жағдайға тап болған әйелдерге қолдау білдірді.
"Аллаһтың әр бергеніне де, бермегеніне де біз құл ретінде разы болуымыз керек. Он сегіз мың ғаламның Раббысы - сенің жүрегіңдегіні, таңдайыңдағы тәтті тілегіңді білмейді деймісің? "Қалағаның болып жатса, бір қайыр, болмай жатса, мың қайыр ізде" деген. Дұғаң қабыл болмай жатса, көңілің түспесін, бізге не қажет, не нәрсенің әлі уақыты келмеді бәрін - Алла ғана білуші. Мен ұзақ күткеннің артында Аллаһым үлкен хайырмен, мен сұрағаннан да еселеп береді үнемі. Соны білемін. Себебі Раббымыз - Аса Мейірімді, Шексіз, Аса Қамқор. Біздің қалауларымыз болғанымен, Алланың өз жоспары бар екенін ұмытпау керек. Ал Алланың жоспарына қалайша күмән келтіре аламыз? Бірақ бастысы дұға мен үмітті тоқтатпау керек дер едім. Енді ғана жасым 22-де. Бар қызық ИнШаАлла әлі алда. Дәл қазір бала сүюді тілеп жүрген, қалап жүрген, күтіп жүрген әр отбасыға Аллаһым саналы, салих ұрпақ нәсіп етсін! Әмин!" - деп жазған ол.
Желі қолданушылары Фариза Төреәлінің мұндай қолдауына рақметін айтып, пікір қалдырған.
"Жаным-ау, кішкентай жүрегіңнен қандай сөздер шықты. Уайымдама, "Құдай шебер" деп бекер айтылмаған шығар. Етегіңе берсін лайым", "Өзі 22-де болса да, оқыған, көзі ашық адамның жауабы. Өте орынды жауап. Сөз маржанын теріп жауап берді. Санасы соған жеткендер көре алмаушылыққа салып кетсе керек", "Шыдаған жетер мұратқа" деген сөз бар ғой, "сабыр түбі - сары алтын". Жақсылықтан үмітіңді үзбе, бәрі бір Алланың қолында, тек шыдамдылық таныта білу керек", - деп жазған олар.