19.06.2023, 17:40

«Шұлығы мен іш киіміне дейін көрсеткенде шошыдым»: Тамара Асар қыз жасауына қатысты пікір білдірді

Фото: instagram.com/tamara_assar_official
Қазақ жас жұбайлардың көрпе-төсегіне ешкімді мінгізбеген.

Әнші Тамара Асар “Қыздар-ай” бағдарламасында көпшілікке қыз жасауындағы дүниелерді жеке-жеке көрсетуді абырой санайтындарды сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Қыздың артынан келген жүгіндегі шұлығы мен іш киіміне дейін көрсеткенде мен шошыдым. Оны көріп алғашқыда жүрегім біртүрлі болды. Артынан қалыпты нәрсеге айналды. Қыздың жүгі бөлек қой. Жасаудағы ұсақ-түйек, майда-шүйдесін етене жақындарына көрсеткен. Ал қомақты көрпе-төсегін соны көз майын тауысып жасаған адамның өнерінің назарсыз қалмауы үшін көрсеткен”, – дейді Тамара Асар.

Өнер иесі соңғы кездері әлеуметтік желіде тарап жүрген көзге оғаш көрінетін салт-дәстүрлерді де сөз қылды.

“Ырымның озығы да бар, тозығы да бар. Бізге көп ырым кәрістерден келген. Олар бір жасқа қатты мән беретін халық. Көрпенің үстіне үлкен кісілерді жатқызу өзбектерден, түріктерден келген. Бізде ондай жоқ. Олар, біріншіден, төсек-орын апармайды. Екіншіден, апарған затының үстіне жатқызады. Байқасаңыздар, өзбек халқы күйеу баланы күтіп алған кезде арқасына өзбек шапан жабады және қызды күтіп алған кезде көрпенің үстіне отырғызады. Сондай өздерінің ырымы бар, ол өздеріне жарасады. Қазақ жас жұбайлардың көрпе-төсегіне ешкімді мінгізбеген. Тіпті сыртынан шымылдық құрып, сығалатып қаратпаған. Ал қонақ көрпені құдайы қонақ келгенде “қыздың көрпесін шығарайық” деп астыға төсеген. Оны әдемілеп жинап қояды”, – дейді әнші.