20.06.2023, 12:00

«Анама қол көтергенін көрдім»: Айгүл Иманбаева әкесі жайлы ел білмейтін құпиясын бөлісті

Менде әкенің портреті жақсы қалыптаспады.

Отандық әнші, актриса Айгүл Иманбаева жақында Алматыда шығармашылық кешін өткізіп, 40 жыл араласпаған әкесін концертіне шақырған болатын. Әнші "Өмірдің өзі" бағдарламасында әкесі жайлы ел білмейтін құпиясын бөлісті, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Әкем мен шешем ажырасқанда 4-5 жаста болуым керек. Мектепке бармаған кезім еді. Көп жағдайда ажырасқаннан кейін әкенің портреті де, жақсы көруің де, жек көруің де, қабылдауың да ары қарай анаңның айтқанына және өзіңнің балалық ой түюіңе байланысты болады. Менде әкенің портреті жақсы қалыптаспады. Өйткені, мен әкемнің қатты ішкенін көрдім. Ішіп келіп қана бізді іздейтінін көрдім. Анама қол көтергенін көрдім. Егер менде сондай балалық өпе, наз, тағдыр болмағанда мен Айгүл Иманбаева болмайтын едім.

Менің әкем мен шешеме деген өкпе, назым Айгүл қылды. Мен тоқ бала боп өскенімде, мен бүгін Айгүл болмас едім. Ана мен әкенің аялы алақанында өскен басқа Айгүл болатын едім. Сол себепті мен анама да, әкеме де алғыс айта білем. Бірақ, менде әкенің портреті солай қалыптасты. Менде жалпы ер азаматтың портреті дұрыс қалыптаспады. Өйткені, анамның айтуы және өзімнің көруім бойынша әке портреті дұрыс қалыптаспады", - деп ағынан жарылды Айгүл Иманбаева.

Сонымен қатар Айгүл Иманбаева әкесінің жақсы қасиеттерін де атап өтті.

"Бала Айгүлдің, қалыптасқан Айгүл Иманбаеваның әкесі ретінде дәл осындай әке болуы керек деп ой түйдім. Өйткені, шешен, өте ақкөңіл, ашық, ешкімге кек сақтай алмайды, ешкімге ренжи алмайды, ренжісе де көп уақыт жүрегінде ұстамайды, қолы ашық. Қазақтың даласындай бойында кеңдік бар. Әрине, кемшілігі де бар. Бірақ ол кемшіліктің бәрін қабылдаймын. Өйткені, мен түзететін бала емеспін. Мен - баламын", - деді Айгүл Иманбаева.