21.06.2023, 03:30

Әсел Сәдуақасова: «Жасымның үлкен екенін бетіме басады деп ойламадым»

Фото: instagram.com/asselsadvakassova
Бойжеткен шағымда мен өз жасымнан әлдеқайда жас көрінетінмін.

Жақында тұрмысқа шыққан Әсел Сәдуақасова алда болатын тойға қатысты оқырман сауалдарына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Өмірімде жасымның үлкен екенін бетіме басады деп мүлдем ойламадым. Бойжеткен шағымда мен өз жасымнан әлдеқайда жас көрінетінмін. Көп адам маған: “Тым жас көрінесің, сұлусың” деп түрлі қошемет сөздер жаудыратын. Бірақ менен кіші әрі тым жас көрінетін жігітке тұрмысқа шығатынымды кім білген? Мағжан екеуіміз осы тақырыпта әңгіме қозғап, әбден күлдік. Жазбаларымның астына адамдар жас еместігімді айтып, күйеуімнен үлкен көрінетінімді бетіме басады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Бірақ бұл да жақсы тәжірибе”, – дейді Әсел Сәдуақасова.

Отандық актриса қазір алда болатын тойына қатты дайындалып жүр. Шақырту билеттері, той өтетін ғимарат, той көйлегі, қызойнақ сынды дүниелер түгелдей Әселдің мойнында. Мұны байқаған желі қолданушылары: “Дайындыққа Мағжан ат салыспайды ма?” деген заңды сұрақ қойды.

“Мағжан тойдың жұмыстарын маған тапсырып, өзі жұмыстарымен айналысып жүр. Негізінде тойдың жұмыстарын өз қолыма алғаныма қуаныштымын. Ұйымдастыру жұмыстарын жаным сүйеді. Бекерден-бекер кинопродюсер болған жоқпын ғой. Мейлі кейде шаршасам да, той алдындағы қарбаластан рахат алып жүрмін. Өз тойымды өзге қыз-келіншектер сияқты ұзақ күттім. Ал Мағжан нағыз ер азаматтар сияқты жұмыстан қолы босамайды”, – дейді актриса.

Сондай-ақ Әсел Сәдуақасова ұзату тойдың болмайтынын мәлімдеді.

“Біз басында-ақ жақындарымыз бас қосатын үлкен бір той болады деп шештік. Қызойнаққа келетін болсақ, құрбыларым өздері ұйымдастыратынын айтып, маған көмектеспек болды. Бірақ мен бұл күні қонақтардың демалғанын қаладым. Менің құрбыларым алтын. Алдағы уақытта бір көңілді уақыт өткізетінімізге сенімдімін. Қыздарым үшін үлкен мереке жасағым келеді”, – дейді Әсел  Сәдуақасова.