Танымал әнші Төреғали Төрәліге жол ережесін бұзғаны үшін тағы 15 тәулікке қамау жазасын қосып алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Алматы қалалық сотының хабарлауынша, әнші жол таңбасының қос тұтас сызығы арқылы бұрылғаны және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты А.-ға қатысты әкімшілік істі қарады.
Сот 2023 жылдың 14 маусымында азамат А-ның Алматы қаласының көшелерінде автокөлік айдап жүріп, жол таңбасының қос тұтас сызығы арқылы бұрылғанын және полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамағанын анықтады.
Сот отырысында А. іс материалдарында баяндалған фактілерді растап, өкініш білдірді.
Сот қаулысы бойынша А. ӘҚБтК-нің 596-бабы 3-бөлігінде (жол таңбасының қос тұтас сызығы арқылы бұрылу) және ӘҚБтК-нің 667-бабы 1-бөлігінде (полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамау) көзделген әкімшілік құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сот А-ны 15 (он бес) тәулікке әкімшілік қамауға алды және 6 (алты) ай мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырды.