Ninety one тобының мүшесі, көпшілікке Бала лақап есімімен танымал Данияр Құлымшы алғаш рет сұхбат беріп, ел білмейтін құпиясын бөлісті. Өнер иесі Тимур Балымбетовтің бағдарламасында отбасы жайлы айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
«Менің әкем мен анам, қарындасым мен інім бар. Әкем училищеде мәдениеттану сабағынан берген, тарихшы және философиядан хабары бар адам. Анам бастауыш сыныпқа қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Кейін тіл басқармасында жұмыс істеді. Екеуі де министрлер үйінде қазақ тілі немесе тарихқа байланысты жұмыс атқарып жүрді.
Қазір екеуі де Алматыда. Жанұямның бәрі Алматыда. Қарындасым менің кішкентайымнан сырласым, досым. Ата-анамыздан бөлек өзіміздің құпиямыз болды. Ұрысып, таласып өстік. 16 жасымда мен Алматыға кетіп қалдым. Бір жылдан кейін қарындасым Алматыға оқуға келді.
Оның оқуы бар, мен топпен бірге тұрдым. Мен Алматыға келгеніммен, бір курс қана оқыдым. Мансапқа уақыт жетіспегендіктен, оқуымды тастап кеттім. Кенже інім жаңа толқынмен өсті. Оның қызығушылықтары бөлек. Қазір мәтін жазады, ән жазады, бит жазады. Бейнебаян түсірді», - деді Данияр Құлымшы.