Танымал әнші Тамара Асар өзі жетектеп алып шыққан қалыңдықты жер-көкке сыйғызбай мақтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қалыңдық әншіні тәрбиесімен, алғырлығымен тәнті етті.
Мені өте мұқият тыңдады. Әр қимылымды көзбен дұрыстап бақылап отырды. Әуелі “Келіншек” әніммен көпшілікке сәлем еткізуге алып шықтым, әдетте мен келіншекті сүйреп, төменге қолын қысып тартып, ымдап зорға тізесін бүктіріп,басын игізетін едім. Бұл жолы қалыңдық мені сүйреп жүрді. Себебі мен оған той басталмай тұрып “өзің бәрін танисың ғой, өз төркініңе сәлем етіп қойма” деп ескерткенмін. Сол ғой мені сүйреп жүргені. Сосын “Кешін шәй” әніме самаурынмен шәй құйғызуға шықтық. Риза болу былай тұрсын,таң қалдым. Өте ширақ, тиянақты,жинақы қозғалды. Ауылдың үлкендеріне шәй ұсынып,сәлем еткенде әр қайсысының алғысын мұқият тыңдап “әумин” деп жауап беріп, иіліп ишарат білдіріп жүрді, – дейді әнші.
Тамара Асар өзі демеп, алып шыққан бойжеткеннің бойындағы жақсы қасиеттерді болашақ келінінің бойынан көргісі келетінін жасырмады.
Қаншама тойға барып, қыз ұзатып,келінге сәлем еткізіп,шәй құйғызып жүрмін. Дәл осындай той кезінде өз-өзін толық басқара алатын, тәрбие көрген, үй шаруасына жұмсалғаны көрініп тұратын, иманы мен инабаты төгіліп тұратын, қағлез, ширақ қалыңдық сирек кездеседі. Көңіліме ерекше күй толып, көзіме жас толып, қобалжып қолын сипай беріппін. Осындайдан бұйырса өзім де дәмелімін ғой… Әдетте той кезінде қалыңдық шәй құймақ түгілі, фатамен, көйлекпен, қобалжу мен жүрекпен, қала берді селфимен, инстамен алысып кетеді ғой, – деп жазды Тамара Асар.