22.08.2023, 03:30

«Содан бері отыз жыл өтті». Димаштың әкесі отбасылық құпиясымен бөлісті

Фото: instagram.com/kanat_sveta_aitbayevtar
Отбасымызда үш баламыз өмірге келді.

Күллі әлемді өз талантымен мойындатқан Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев әйелі Света Айтбаеваны ата-анасымен қалай таныстырғанын әлеуметтік желідегі парақшасында баяндап берді, - деп хабарлайды Skifnews.kz.

Амангелді Сәндібаев ағамыз жетекшілік ететін "Жібек жолы" ансамблінің құрамындағы кезіміз. Екеуміз де студентпіз. Болашақ педагогтармыз. Ағамызға өтініш жасап, менің туған жерім Ембіде тобымызбен концерт беретін болдық. Ойым ата-анама болашақ келіндерін көрсету. Қаламыздағы "Достық" мәдениет үйінде ине шаншар орын жоқ, халық лық толы. Алдыңғы қатарда ата-анам, олардың достары отыр, - деп жазды Қанат Айтбаев

"Бағдарламамыздың орта тұсына таман "келесі әнді орындайтын Светлана Төлемісова, қарсы алыңыздар!" деп хабарлап, сахна сыртына шығып кеттім. Үлкен баянын көтеріп, Света ортаға шықты. Үстінде талдырмаш, нәзік бойына қона қалған ақ көйлек, бота көздері күлімдей мөлдіреп, толқындана бұйраланып, иығына түскен шашы өзіне ерекше жарасып тұр. Микрофонын ыңғайлап алып, аспабының түймелеріне қол салды. Баянның сырлы үніне бұлақтың сыңғырындай әнші қыздың үні астасып әсем ән төгіле жөнелді. Шәмшінің "Ақ ерке Ақ жайығы". Алғашқы қайырмасынан-ақ залдағы халық таныс әнді қосыла шырқай жөнелді. Сахнаның жақтау шымылдығынан жүрегім атқақтай соғып, ата-анамның жүздеріне сығалай қарап тұрмын. Екеуі де ерекше мейіріммен күлімдеп отыр екен. Анамның қасында отырған құрбысы сахнадан көз алмай, анамның құлағына сыбырлап жатыр. Қимыл-қозғалысына қарасам, жағымды нәрсе айтып жатқан сияқты. Концерт аяқталды. Ансамблімізді үйге қонаққа шақырдым... Меймандарды шығарып салған соң ас үйде қасында көмектескен болып, қипақтап жүрген маған қарап анам жымиып "топтарыңдағы әнші қыз әп-әдемі бала екен", - деді. "Қасымдағы құрбыларым "Қанатжан дәу де болса осы қызды таныстырайын деп әкелді-ау?" деп жатыр. Солай ма?". Анамның жүзіне қарап күлімдей беріппін. Жүрегім лүп-лүп..., - дейді Қанат Айтбаев.

Содан кейін екі-үш ай өткен соң Қанат Айтбаевтың ата-анасы арнайы барып, болашақ құдаларымен танысып-білісіп тойдың күнін белгілеген.

Содан бері отыз жыл өтті. Құда-құдағилар өзара ең жақын, сырлас адамдарға айналды. Отбасымызда үш баламыз өмірге келді. Өмірде қол ұстасып, тату-тәтті бірге келе жатырмыз. "Меруерт тойымыз" құтты болсын, Светик! Ата-анамыз айтпақшы, өмірдің қызық, қуанышын тең көрейік!, - деп түйіндеді Димаштың әкесі.