Каирде өтіп жатқан оныншы Халықаралық анимациялық фильмдердің форумына қатысқан «Қазақ Елі» анимациялық фильмі бірден үш жүлдені жеңіп алды. Бұл туралы аталған туындының сценаристі Бақытжан Құлжабаев мәлімдеді.
«САҚ-дала» ЖШС түсірген «Қазақ елі» анимациялық фильмі өткен жылы мамыр айында көпшілік назарына ұсынылып, кинотеатрлардан көрсетілген болатын. Картинаның режиссері – Батырхан Дәуренбеков. Мультфильм Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібектің балалық шағы мен хан болған шағына дейінгі аралықты баяндайды. Оның түсіріліміне 2D және 3D-технологиялары қолданылған.
«Бұл халықаралық фестивальге 50-ден астам ел қатысты. Олардың қатарында анимациялық фильмдер түсіруден алдарына жан салмайтын АҚШ пен Жапония, Қытай мен Оңтүстік Корея, Германия мен Франция сынды елдер бар. Аталған елдердің ең үздік киностудиялары өздерінің 90 өнімін алып келді. Соның арасынан қазақтар түсірген анимациялық фильм бас жүлдені жеңіп алды», - дейді Бақытжан Құлжабаев.
Сонымен қатар, «Үздік музыка» мен «Үздік режиссура» номинациялары бойынша да «Қазақ Елі» анимациялық фильмінің авторлары жүлдегер атанды. Атап айтқанда, картинаның композиторы Руслан Шынықұлов және фильмнің әуенін жазуға қатысқан музыкант Жанболат Әділов құрмет дипломдарымен марапатталған.
Халықаралық анимациялық форумы жыл сайын Мысыр астанасы Каир қаласында ақпан айында өтеді. Фестивальдің ұйымдастырушылары – Мысырдың мәдениет даму қоры және анимация қауымдастығы. Байқаудың басты мақсаты – анимациялық фильмдерді қолдау, тәжірибе алмасу және жас режиссерлардың көркем және техникалық білімдерін арттыру.