25.08.2023, 11:00

«Гинеколог дегенді көрмегендер бар»: Ләйлә Сұлтанқызы өзіне қарамайтын әйелдерге ақыл айтты

Фото: instagram.com/sultankyzy
Ауырса, бірден ауруханаға бармайды. Немесе қолхат жазып кететінін мақтанышпен айтатындар да арамызда жоқ емес.

Отандық тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы елімізде әйелдердің көбі денсаулығына салғырт қарайтынын айтып өкінішін білдірді,  деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Тележүргізуші әлеуметтік желіде өзіне келетін хаттар легінің көптігін айтты. Оның басым көпшілігі әйелдерден екен. 

Келетін хаттардың құрылымы әртүрлі болғанымен мазмұны бір. “Мен күйзелістен қалай шықсам болады”, “шаршап жүрмін” деген сарында… Ал ең жүйкем ауырып, іштей аяйтын хат ол денсаулыққа қатыстылары. Ауырса, бірден ауруханаға бармайды. Немесе қолхат жазып кететінін мақтанышпен айтатындар да арамызда жоқ емес. Өйткені, баланы қарайтын, үй-ішіне шай беретін адам керек. Денсаулығы кетіп бара жатыр, арықтау керек. Бірақ үстелде қалған тамақты “ысырап болмасын” деп жеп қояды. Өзін жайсыз сезінсе де соңына дейін шыдайтын, гинеколог дегенді жылдар бойы көрмеген жандар бар, – дейді Ләйлә Сұлтанқызы. 

Денсаулыққа баса назар аудару керегін айтқан Ләйлә Сұлтанқызы қыз-келіншектерге кеңес берді.

Бірақ бақыттың да, байлықтың да, жетістіктің де, білімнің де түбірі бір – денсаулық. Айтқым келгені, иә, көптеген ірі-ірі форумдарға, бизнес-форумдарға, шараларға спикер ретінде шақырып жатады. Бірақ қандай сахнада тұрсам да, кімнің алдында сөйлесем де үнемі бірінші денсаулық жайлы сөз етемін. Әсіресе әйелдің саулығы. Бойында жаны бар, еті тірі әр адам өзінің саулығын басқасынан биік қою керектігін айтқым келеді, жеткізгім келеді. Құрметті құрбым, құрдасым, сырласым, сіңлім, әпкем, жеңгем! Басыңыз “жәй ғана” шағып ауырса да, ішіңіз бұраса да, аяғыңыз тоңса да, почкаңыз маза бермесе, щитовидка проблема болса дәрігерге қарай ұшыңыз. Ағзаңыздағы кез келген ыңғайсыздықтың арты жақсылыққа апармайды, жандарым, – деп жазды тележүргізуші.