Қытайдағы халықаралық «I'm singer» ән байқауында өнер көрсетіп жатқан қазақ әншісі Димаш Құдайберген келесі турда қазақша ән айтады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің Фэйсбуктегі парақшасында мәлімдеді.
Қытайда үлкен танымалдылыққа ие болған Димаш бұл жолы халық әні «Дайдидауды» орындамақ. Оны Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұлттық аспаптар ансамблі сүйемелдейді.
«Достар, жақсы жаналық! Димаш Құдайберген біздің халық әніміз "Дайдидауды" Қытайдағы I'm singer байқауында орындайтын болады. Оны сүйемелдейтін Қазақ Ұлттық өнер университетінің ұлттық аспаптар ансамблі бүгінде Қытайда. Өнер ұжымы сахнаға түгелдей қазқатың ұлттық киімдерін киіп шығып, Димашқа ерекше қолдау көрсетпек», - деді мәдениет министрі.
Айта кетейік, Димаш Құдайберген бұған дейін Қытайдағы байқауда Витас, Бруно Марс, Лара Фабиан және Грегори Лемаршаль сынды әлемге танымал әншілердің әндерін орындап, қытайлық тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді.