Әйгілі әнші Нұрлан Өнербаев "Оян" бағдарламасында қонақ болып, өзінің шығармашылық өміріне қатысты жаңалықтарын бөлісті. Сондай-ақ ол өнер әлемінде өзінің орны бар екенін айтты, деп жазады nur.kz.
"Биыл шығармашылыққа қадам басқаныма 45 жыл болды. Міне, содан бері театрмен де, жеке әнші ретінде елді бірнеше рет айналып шықтым десем, өтірік емес. Мен болмаған ауыл, елдімекендер жоқтың қасы шығар. Өзім өткен, өнер көрсеткен елдімекендерді тағы бір араласам деген ой болған. Қазір бәріміз әлеуметтік желіге көңіл бөлеміз. Көп ретте жұрт жақсы сөзін, жақсы көңілін білдіріп, жылы лебіздерін жазып жатады.
Соның ішінде: "Қашанғы жүре бересіз? Қоймайсыз ба? Берсеңізші жастарға орныңызды", - дегендер де кездеседі. Ондай да пікірдер бар. Одан да нәтиже шығару керек. Кейде ойлайсың... "Мен осы сахнада кімнің орнын тартып алдым", - деп. Сахнада менің өз орным бар. Мен ешкімнің орнын тартып алғам жоқ.
Менің орныма біреу таласатын болса, менің деңгейімнен асып түсуге тырыссын. Қазір менің кезінде орындаған әндерімді жас әншілер орындап жүрмін. Олардың бәріне айтамын: "Мен ешқашан қарсы емеспін. Мен орындаған әнді айтыңдар. Бірақ менен асырып айтыңдар. Көрермен сонда сендердің орындауларыңды қабылдайды", - деймін", - деп сөзін түйіндеді әнші.