"Бұлбұл" құс әнімен танылған әнші Нұржан Қалжан "Ninety one" тобының солисіне осы әнді айтуға келісім бергені үшін әннің авторларымен арада түсініспеушілік болғанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
"Жұлдызды шаңырақта" бағдарламасына сұхбат берген ол топтың орындауындағы ән өзіне ұнағанын жеткізді.
"Бұлбұл құсты" "Ninety one" тобындғы Ace орындап шықты. Олар маған хабарласып, "аға, осындай әніңізді айтайын деп жатырмыз"- деді. Келістім. Қазіргі жастардың көзқарасымен, орындауымен қалай болады екен деп тыңдадым. Ұнады. Өзіндік ерекшелігі бар. Менің алдымнан өтті", - деді Нұржан Қалжан.
Алайда бұл жағдайдан соң ән авторларымен арада түсініспеушілік болған.
"Алдымнан өткенмен бұның арты айқай-шуға ұласты. "Бұлбүл құстың" авторлары "әнді беретін сен автор емессің. Сенің әнің емес" деген секілді сондай дүниелер болды. Мен де біреудің әнін айтатын болсам, Мейрамбек ағаның айтып жүрген әнін айтатын болсам, әншіден, орындаушы ретінде одан рұқсат сұрауым керек. Авторы басқа кісі болғанмен, мен әншінің алдынан өтуім керек. Олар сондай оймен сұрады, мен де сондай оймен жауап бердім. Ол кісілер сен автор емессің деп біраз түсініспеушілік болды. Ақырында, сол кезде шешіліп, келісіп, тақырып жабылды", - деді әнші.