Ол маған «сен менің басымдағы бағымсың» деп айтты.
Жазира Байырбекова "Жақсы адамдарым" бағдарламасында енесімен қарым-қатынасы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Әнші келін атанған 27 жылдан астам уақыт ішінде енесінің қандай сыйлы адам екеніне көз жеткізгенін айтты.
Аралдағы анамыз көп адамға ұқсамайтын қайсарлығымен, мысымен ерекше ана десе болады. Өйткені, біздің әулетте, көршілер де менің енемнен ақыл сұрап келетін. Көп нәрсені шешетін сыйлы адам болатын. Тіпті өзінің келіндері емес, ағайын-туыстың келіндері аяқ тартатын болған. Бетіне тік қарай алмайтын болған.
Қазір енем 80 жастан асып кетті. Бұрынғыға қарағанда қартайып бара жатыр. Үлкен кісілер - қазына ғой. Біздің балалар, немерелері үйленгенше жүре тұрса екен деп тілеймін. Өйткені үлкен кісілердің жай ғана отырғаны балаға тәрбие беретін сияқты. Қазір анамыз ауылда, анда-санда келіп тұрады. Емдетіп, қаратып тұрамыз. Ананың ақ сүтін ешқашан ақтай алмайсың дейді. Бірақ, біз ақтауға тырысамыз.
Келін болғаныма 27 жылдан асып кетті. Өз қызындай көріп кетті. Қазіргі менің жанашырым сол кісі. Енем көп сөз айтатын адам емес. Ол кісінің бір сөзі көпке дейін есте қалатын құндылық сияқты. Алдында маған "сен менің басымдағы бағымсың" деп айтты", - деді әнші.