Ал қазір Баян Мақсатқызы әкесінің бұл өмірде жоқтығына үйрене бастаған.
Танымал продюсер Баян Алагөзова Жаңа жыл қарсаңында ескі жылға өкпе жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы ол қызы Айсәуле Бақытбектің «Сырласу» подкастына сұхбат беру барысында баяндады.
2023 жылы отбасымыз үшін өте көңілсіз, қайғылы жыл болды. Әкеміз дүниеден озды. Таиландқа барып қыдырып, отбасымызбен жаңа жылды қарсы алған болатынбыз. 2022 жыл көңілді аяқталғанымен, 2023 жыл көңілсіз басталды. Ол сәтке оралғым келмейді. Бірақ сол қайғылы сәттегі өзімнің жағдайымның қалай болғанын айтқым келеді. Алғашында әкемнің өлімін қабылдай алмадым. Анамнан бастап, түгел ағайын-туыс жылап жатқанда менің көзімнен жас шықпады. Тас болып қалған адамға ұқсап қалдым. Өзіме жылауға тек ұшақта ғана рұқсат еттім. Бизнес класқа билет алып, Тұрсын менен кейін отырды. Салонда көп адам жоқ. Мен қатты жыладым. Сол кезде ғана барып, әкемді енді көрмейтінімді түсіндім. Жолдасым да мені мазалаған жоқ. Алты айға дейін әкем туралы ойламауға тырыстым және ол туралы естелік айтуға тыйым салдым. Ол кісі туралы өткен шақта айту қиын болды, – деді продюсер.
Ал қазір Баян Мақсатқызы әкесінің бұл өмірде жоқтығына үйрене бастаған.
Таныстарым мен құрбыларым әкем туралы айта бастаса, тыйып тастап отырдым. Жарты жыл өткеннен кейін барып, әкемді ойлай бастадым. Фотоларын қарап, оның бейнесін көз алдыма елестете бастадым. Ал қазір күн сайын әкемді есіме аламын. Әкем қайтқаннан кейін үйде отырғым келмеді. Шақырған жердің бәріне бардым. Оқырмандарым «Жылдық асы өтпей еш жерге шығуға болмайды. Көңіл айтып келетін адамдарды күтіп үйде отыру керек» дегенді жазып жатты. Менің қолымнан ол келмеді. Қазір әкемнің жоқ екенін қабылдағаннан кейін өмірді қайта сүре бастадым, – деді Баян Алагөзова.