Ол өте көп гонорар сұрады.
«Музарт» тобының әншісі Сәкен Майғазиев келер жылы 50 жасқа толады. Осыған орай, әнші мерейтойын дүркіретіп атап өтпек, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Бұл туралы ол «Ревю» бағдарламасында айтты.
50 жасқа толатын туған күнімді халықпен бірге атап өткім келеді. «Музарт» тобының концерттерін ұйымдастыратын Андрей Хван деген режиссер жігітпен ақылдасып едім. Ол өте көп гонорар сұрады. 2018 жылы алған ең қымбат көлігімді сатсам да, сол маманның ұйымдастырғанын қалап тұрмын. Халық менің кешіме келіп, керемет демалып кетсе екен деген тілегім бар. Осы күнге дейін өнерде жүріп, қаншама тірліктер атқардым. Бәрін сахнада көрсеткім келеді. Ұстаздық қызметте жүргенде талантты шәкірттер дайындадым. Солардың да үлкен сахнаға шыққанын қалаймын. Қаншама өнерпаздармен дуэт айттым. Оны да көрсеткім келеді. Мейрамбектен домбыра үйреніп, домбырамен де ән айтуым мүмкін, – деді әнші.
Бұдан бөлек, Сәкен Майғазиев спорт залына жиі баратынын айтты.
Сахна артық салмақты көтермейді. Сол үшін формада жүруіміз керек. Сондықтан спортпен жиі шұғылданамын. Тіпті, соңғы кезде қытығыма тиіп жүргендер бар. Әрі солардың тұмсықтарын бұзғым келеді. Кімдер екенін айтпай-ақ қояйын. Уақыты келгенде өздері ел алдына шығады, – деп жауап берді ол.