Әр қазақ менің жалғызым деп жүргендер халықтың басына күн туған кезде өз бастарын ойлап кетеді.
4 наурыз сағат 11:22 кезінде Алматы қаласында жер сілкінісі болды. Зілзаладан соң шошынған халық далаға дүрліге қашты, сәйкесінше такси бағасы да орта есеппен 1,5-2 есе өсті. Осы орайда блогер Ырысбала Икрамбай әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, қара халықты ойламайтындарды сынады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматының көшелерінің бәрі - кептеліс. Жер сілкінсе, басқа да бірдеңе болса кептеліп қалады. Бәрінің осылай қас қылғандай болатынына кейде таңданамын. Жер сілкіне қалып еді жер үйлер қымбаттады. Құрбан айт кезінде қой қымбаттайды, ораза жақындаса құрма қымбаттайды, жаңа жылда мандарин мен майонез қымбаттайды. Әр қазақ менің жалғызым деп жүргендер халықтың басына күн туған кезде өз бастарын ойлап кетеді. Такси жүргізушілері ақша көріп қалуды ойлайды. Біреу өлмей, біреуге күн жоқ деген осы.
Сондай-ақ блогер, қырық жыл қырғын болса да, ажалды өліп, қырғын келсе быламыққа да тіс сынатынын еске салды.
Естеріңізге сала кетейік, сейсмологиялық бақылау және зерттеу ұлттық ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаевтың айтуынша, афтершоктар қайталануы мүмкін, бірақ қуаты азаяды.