Тележүргізушінің айтуынша, атышулы бағдарламаның ел білмейтін құпиясы көп.
Танымал әнші, актриса, тележүргізуші Аша Матай атышулы бағдарламаның ел білмейтін құпиясын ашты, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы «Taboo» подкастына сілтеме жасап.
Аша Матай «Қалаулым» бағдарламасының жүргізушісі болған кезде қиындықтарға тап болғанын жасырмады. Тележүргізушінің айтуынша, атышулы бағдарламаның ел білмейтін құпиясы көп. Тіпті бандиттер келіп, редакция қызметкерлеріне қоқан-лоққы көрсеткен.
Бағдарламаны жүргізбеуім үшін қомақты қаражат ұсынған кісілер де болды. Қанша қаражат екенін айтпай-ақ қояйын. Сол кезде өте көп сома. Бір жағынан сол үшін де жобаны жүргізудің қажеті жоғын түсіндім. Бір емес, бірнеше рет жүргізушіліктен бас тарту туралы әңгіме қозғалды. «Сенің орныңа басқа жүргізуші таптық, егер келіссең, ақша береміз, рақметімізді айтамыз» деді. Тікелей эфир жүріп жатқанда бандиттер кіріп келіп, редакция қызметкерлерімен төбелескен. Жедел жәрдем келіп, алып кеткен де шығарылым болған. Бәрі шынайы еді. Ал жұрт оған сенбейді», – деді ол.
Аша Матайдың айтуынша, осы бағдарламаны жүргізіп жүрген кездері әріптестері оны жамандаған көрінеді.
«Бір болайық» пен «Қосылайыққа» да жүргізуші болуға ұсыныс түсті. Бірақ бас тарттым. Өйткені әр жұмыстың өзінің шығар биігі болады. Мен «Қалаулымда» сол биікке көтерілдім. Мақсатым орындалды. Одан кейін қайтып барып, сүйкімімді кетіргім келген жоқ. Бұл бағдарлама қоғамда үлкен наразылық тудырды. Маған неше түрлі сөз айтылды. Оның бәрін көтеру оңай емес. Тіпті өнерде сыйласып жүрген аға-әпкелерім де мені жамандады, – деді Аша Матай.