$ 441.58  480  4.86

Бишімбаевтың бұрынғы әйелі отбасылық өмірі жайлы бар шындықты жайып салды

Үш баланың анасы Назым Қахарман Instagram парақшасында ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап беру ниетімен жазба жариялады.

Фото: www.instagram.com/nazymkakharman
Фото: www.instagram.com/nazymkakharman

Азаматтық некедегі жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарман онымен бірге өткізген жылдары жайлы жан сырын ақтарды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Кәсіпкер, үш баланың анасы Назым Instagram парақшасында оқырмандарынан келіп түскен сауалдың көбейіп кеткенін айтып, ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап беру ниетімен жазба жариялады.

Сонымен ол Бишімбаев Қуандықпен танысқан кезінен бастап, бірге тұрған жылдары, ажырасқан уақыты және бүгінгі күнге дейінгі қарым-қатынасы жайлы түсіндірді.

 "24 жасымда тұрмысқа шықтым. Біз екі жыл бойы қыз бен жігіт ретінде кездесіп жүрдік. Ол маған екі рет үйленуге ұсыныс жасады. Тұңғышымды 27 жасымда босандым. 14 жыл некеде болдық. Отбасылық өміріміз бен басымыздан өткен жағдайларға қарап бағаласам, бірге екі есе көп уақыт тұрғандаймыз (уақытша ұстау изоляторындағыдай бір күн екі болып есептеледі). Себебі бұл аралықта мен аса ақылды әрі болашағы зор жігіттің, экономика министрінің және сотталған адамның әйелі болып үлгердім. Жолдасымның мансабын бірге құрдық. Экономика министрінің келіншегі ретінде түрлі ресми қабылдауларда, кештерде жүрген жерімнен күйеуім жазасын өтеген барлық түрмелерді аралап шықтым. Бір кездері бақытты болдым. Бірақ мені көп алдады. Бақытсыз әрі күйзелісте болған сәттер де басымнан өтті. Тіпті болашағы жоқ некедегі өмірге де разы болған едім", - деп жазды ол.

Бишімбаевтың бұрынғы әйелі ажырасуға арызды өзі бергенін жеткізді. Мұндай  шешімге келу оңай болмағанын, біраз уақыт қажет болғанын жасырмады.

"Бұл қарым-қатынас мен үшін үлкен сабақ болды. Мен өзімді әбден жоғалтып, өмірдің түбіне жеттім. Кейін өзіме келіп, өмірім қайта жанданды. Ол үшін ұзақ уақыт керек болды. Нәтижесінде мен ажырасуға арыз бердім. Себебі өмірлік серігім екеуміз бір бағытта өмір сүре алмайтынымызды, жолымыз енді екі бөлек екенін түсіндім. Мені көп адам райымнан қайтаруға тырысты. "Балалар бар", "Ұят қой", "Ел не дейді?" деген сөздер айтылды. Ажырасқаным үшін өзімді мақтан тұтамын. Бұл жағдайды барынша сабырлықпен шештім. Күйеуім мен балаларым үшін де барынша жеңіл өтуі үшін бәрін жасадым. Бізден керемет жұп шықпады. Бірақ біз жақсы қарым-қатынасты сақтай алған, балаларын бірге тәрбиелеген бұрынғы ерлі-зайыптылар ретінде қала алдық. Біз оның қайта үйленгеніне қатты қуандық. Балаларымыз тіпті оның құдалығына да қатысты. Олар әкесінің жаңа әйелін бірден жақсы көріп кетті. Ары қарай не болғанын өздеріңіз білесіздер", - деп жазды Назым Қахарман.

Оқырмандары "Оның ата-анасымен араласып тұрасыз ба?", "Ол сізге қол көтерген бе еді?", "Сізбен бірге тұрған кезде де абьюзер ме еді?" деген сарында сұрақтар қойып жатты.

Десе де басым көпшілігі Назымға қолдау көрсетіп, дем беріп, игі тілектерін жазды. "Қыздар қырық шырақты дейді ғой, шырағыңыз сөнбесін! Бар бәлекет балаларды айналып өтсін. Тілекшіміз", "сіз мықтысыз", "қандай шынайылық" деген т.б. жақсы ойлар мен тілектер легі ағылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары