06.05.2024, 12:40

Әйгілі «Титаник» фильміне түскен актер қайтыс болды

Фото: Roberto Ricciuti / Getty Images

Оның жанында әйелі Элисон мен ұлы Габриэль болған.

Киносүйер қауымға «Титаник» және «Сақиналар әміршісі» фильмдеріндегі рөлдері арқылы танылған актер Бернард Хилл 80-ге қараған шағында өмірден өтті, деп Skifnews.kz ақпарат порталы BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

 Актер Бернард Хиллдің кино саласындағы ең танымал рөлдері «Титаниктегі» капитан Эдвард Смит пен «Сақиналар әміршісі» фильміндегі король Теоденнің рөлі болды. Хилл жексенбі таңертең қайтыс болды, қаралы хабарды оның агенті растады. Оның жанында әйелі Элисон мен ұлы Габриэль болған.

IMDb сайтының мәліметінше, Бернард Хилл 1944 жылы 17 желтоқсанда Ұлыбританиядағы Манчестерде дүниеге келген.

Ол алғаш рет 1982 жылы Алан Блисдейлдің «Блэкстаффтың жігіттері» сериалымен танылған. Хилл – 11 Оскар жеңіп алған және кассадан миллиард доллар жинаған екі фильмге түскен тарихтағы жалғыз актер.