Олар Қамажай биін билеп, қазақ тілінде ән айтты.
Димаш Құдайбергеннің дүние жүзі бойынша жанкүйерлері сүйікті әншісін 30 жасқа толған мерейтойымен құттықтап жатыр. Әсіресе, Ұлыбританиядағы тыңдармандары белсенді, деп Skifnews.kz ақпарат порталы inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Олар арнайы бейнебаян түсіріп, әлеуметтік желілерге жариялады.
Ұлыбританияда Димаштың екі фан-клубы бар. Оның мүшелері дүниені дала даусымен дүр сілкіндірген қазақ баласының өнеріне ғашық. Әндерін түсіну үшін ұлы Абай тілін үйреніп, Қазақстанға саяхаттап та жүр. 30-дан астам адам Лондонның көрнекті орындарында жиналып, әншіге жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Ұлыбританияның ғана емес, Ресей, Бразилия, Румыния және басқа да мемлекеттердің азаматтары қолдарына Қазақстанның және Ұлыбританияның туларын ұстап, жұртшылықтың назарын өздеріне аударды. Қамажай биін билеп, қазақ тілінде ән айтты.
«Біз Ұлыбританиядағы диерстар қауымы Димашқа құттықтауымызды жолдаймыз. Оның адам нанғысыз ғажап дауысы біздің жүрегімізді жаулап алды. Ал музыкасы әлемнің түкпір-түкпіріндегі халықты біріктірді. Димаш, сенің өнердегі қанатың талмасын. Әндерің бізді шабыттандыра берсін. Кезекті концертіңді асыға күтеміз. Ұлыбританиядағы жанкүйерлерің сені жақсы көреді», - деді фан клубтың негізін қалаушы Анка Тимофте.