Өзімді өзім түсіне алмаймын өз орындауым өзіме ешқашан ұнаған емес…
Қазақстандық дәстүрлі әнші Асқар Мұқият Өзбекстандағы "OVOZ The Voice" жобасында Абайдың әнін орындап, әділқазылардың жоғары бағасын алды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Музыкалық сайыстан үзіндіні дәстүрлі әншінің өзі Instagram желісіндегі парақшасында жариялады.
Бұл жолы Абай Құнанбайұлының өлеңіне жазылған Сыдық Мұхаметжановтың “ Жарық етпес қара көңілім не қылсада “ әнін орындап едім. Өзімді өзім түсіне алмаймын өз орындауым өзіме ешқашан ұнаған емес… - деп жазды астына Асқар Мұқият.
Өзбекстан Республикасында өтіп жатқан халықаралық "OVOZ The Voice" жобасында Қазақстан атынан бақ сынаған әншінің өнерін Өзбекстан Республикасының Халық әртісі Фаррух Закиров, мәдениет және туризм министрі Озадбек Назарбеков, танымал әнші Севара Назархан, Тохир Содиков сынды өнер майталмандары бағалады.
Қазақстандық дәстүрлі әнші орындауы әлі де өзіне ұнамайтынын, алда көп жұмыс істеу керек екенін атап өтті.
Алайда өзбекстандық әділқазылар Асқар Мұқияттың орындау шеберлігіне тәнті болды. "Қазақтарда мұндай керемет дауыс өте көп. Сіз – соның жарқын үлгісісіз", "Маған сіздің әнді жеткізгеніңіз ұнады. Дәл қазір сізді басқа қазақстандық әншілермен салыстыра алмаймын. Осы ән арқылы ерекшеленіп тұрсыз", "Бұл ән сізге жарасады", - деді әділқазы мүшелері.
Фарух Закиров "Айналайын" деп әншіге ризашылығын білдірсе, Озадбек Назаров "бауырым" деп жақын тартты. Әділқазылар мен әнші өзара туған тілдерінде сөйлескені де ежелден келе жатқан ортақ мәдениетіміздің жалғасы үзілмегенін көрсеткендей болды.
Артынша олар қазақ тіліндегі "Құстар қайтып барады" әнін қосыла орындады. Ал Асқар Мұқияттың таңдауы Озадбек Назарбековке түсті. Осылайша отандасымыз өзбекстандық жобада өнер көрсетуді жалғастыратын болды. Асқар Мұқияттың орындаушылық шеберлігіне желі оқырмандары да таңғалды.
"Бәрекелді", "Керемет орындау болды", "Абайдың өзі айтып тұрғандай", «Айналайын Асқар бауырым, жолың болсын! Халқыңды қуантып, еліңе олжа сал, жүлделі орал! Тілектеспін», ««Өзіне-өзі қанағаттанбау- жақсы қасиет» депті Қадыр Мырза Әлі атамыз. Керемет орындау болды», - деп жазды олар.