$ 494.87  520.65  4.91

«Жағымпаздар марапат алады»: Наркенже Серікбаева бар шындықты айтуға дайын

Мен өнерге бір күнде немесе бір күнге келген жоқпын.

Фото:  www.instagram.com/narkenjeserikbaeva
Фото: www.instagram.com/narkenjeserikbaeva

Елге танымал дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева Ш.Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясынан шыққанын жазып, бар шындықты айтуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Мен өнерге бір күнде немесе бір күнге келген жоқпын. Қаршадайымнан қара домбырамды арқалап, өмірдің талай соқпағынан өттім. Қанатымның қатаюына ықпалын тигізген Шәмші Қалдаяқов атындағы Түркістан облыстық филармониясы екені көпке белгілі. Бұл мекеме –мен үшін қара шаңырақ. Бүгінде сол қара шаңырақ қараусыз қалғандай…

Вальс падишасының атындағы сарайдың қазір жай-күйіне жайбарақат қарай алмаймын. Жалақыға жан бағып жүрген өнерпаздар сахнаға шығу үшін киімді неге жалға алуы керек?! Аты дардай мекеме сахналық костюмге неге жарымайды?! Басшылықтың, басқарманың өнерге жаны ашымай ма?, – деп ашынды әнші. 

Сондай-ақ өнер мен адал еңбек құнсызданып, бағаланбай кеткенін, басшылық тарапынан театрға, өнерге деген жанашырлық  болмауына күйінген әнші әлі де айтары көп екенін жазды.

Таланты барлар тасада қалып, талантсыздар, тамыр-танысы мықтылар неге төрге шығады?! 20-30 жыл адал жұмысын жасағандар еленбей, жылтырағандар жағымпазданғандар, неліктен марапат алады?! Ескірген сахна залын, грим бөлмелерін неге көрмейсіздер?! Талай адам басқарып келіп, кетіп жатыр. Жаны ашитыны қайсысы?! Бұл жер көтерілу үшін баспалдақ қана ма?

Сұрағым көп. Айтарым да көп…Біраз шындықты айтуға дайынмын. Филармониядағы жұмысымнан өз еркіммен кеттім. Біреулер менің кеткеніме қуанатын да шығар. Бірақ мен көріп тұрып көрмегендей, біліп тұрып білмегендей бола алмаймын. Жалпы Түркістан облысының мәдениеті, руханияты өте төмен деңгейде. Идеология жоқтың қасы. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ!, – деп жазды Наркенже Серікбаева. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 15
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 5

Серіктес жаңалықтары