28.06.2024, 18:40

Неге қыз «сыны»? Неге жігіттің «сұлтаны»?: Алтынай Жорабаева бәрін әйелден талап ету қанға сіңіп кеткеніне налыды

Фото: www.instagram.com/altynaizhorabayeva

Үй шаруасын жасап жүруді талап етуді қалай түсінуге болады?

Танымал әнші, төрт қыздың анасы Алтынай Жорабаева қазақ халқының қыз баланы тәрбиелеу түсінігіне қатысты ренішін білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Әнші қыз баланы «нәзік, әлсіз» деп, сосын оған бар ауыртпалықты артып қоятын кереғар түсінікке көңілі толмайтынын жеткізді.

Неге "Қыз сыны?" Неге “Жігіт сұлтаны?” Әу бастан қыз баласын сынға алып, бәрін әйел адамнан талап ету, бүкіл жауапкершілікті әйел адамға артып қоюды қанға сіңіріп, ойға түйіп тастаған сияқты ма, қалай өзі? Қыз нәзік, қыздың жолы жіңішке, қызға қырық үйден тыйым дейді де, қыздың қырық жаны бар деп қоятынымыз қалай? Былай қарасаң, нәзік, әлсіз деген сияқты айтып келіп, бірақ сол "әлсіз жаратылысқа" үстемдік жасап, әлсізге әлімжеттік көрсетіп, бірақ қайтадан бүкіл үйдің тірлігін, бүкіл жауапкершілікті, яғни күйеуі ішіп кетсе, құмар ойын ойнап кетсе, ішіп келіп ұрса, жүріс жүрсе, әйел үнін шығармай, көніп, бала-шағаны бағып, үйдің шаруасын жасап жүруді талап етуді қалай түсінуге болады? – деп күйінді әнші.

Сондай-ақ Алтынай Жорабаева Әйелдің бәрі бірдей емес екенін, арасында ер азаматты бағаламай, өзара сыйластық құра алмайтын әйелдердің де бар екенін тілге тиек етті.

Нағыз ер азаматты сыйламайтын, тапқан табысының берекесін қашырып отыратын әйелдер де бар! Мынау еркектің, мынау әйелдің жұмысы деп бөлмей, кішкентайынан ұлды да, қызды да үй шаруасына, дала шаруасына баулып тәрбиелегенде, әйел еріне, ері әйеліне көмектесіп, түсіністікпен өмір сүріп, берекелі отбасы болады деп ойлаймын. Менің оқырмандарымның ойы қалай екен? – деп көпшілікке ой тастады әнші.