Елге белгілі өнер адамы сәл сүрінсе, жерге тығып, жүндей жөнелу қызғаныштың көрінісі емес пе?
Қазақстандық танымал композитор Елена Әбдіхалықова ұшақта бейәдеп сөз айтып, бес тәулікке қамалған әзілкеш Тұрсынбек Қабатовқа қолдау білдірді. Өнер иесі халықтың мемлекеттік қас дұшпаны қолға түскендей шулап кеткеніне күйінді, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Елена Әбдіхалықова өнердегі інісіне деген қолдауын Instagram-дағы парақшасы арқылы жеткізген.
"Әлем желіні ашып қалсаң, "әзілкеш Тұрсынбек Қабатов қамауға алынды" деп бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай шулап, оған "жаны кірген" халықты көріп, ойға қалдым. Құдды бір мемлекетіміздің қас дұшпанын қолға түсіргендей, ең парақор, ең жемқор, халықты 30 жыл сорлатқан сойқандарды қолына кісен салып, қамағандай шат-шадыман. Ағайын, осы Тұрсынбектің өнеріне неше жылдан бері мәз-мейрам болып, оның концерттеріне билет іздеп шабылып жүрген жоқ па едіңіздер?! Тұрсынбекті осынша табалайтындай кімнің несібесін жеп еді? Өз өнерімен, адал еңбегімен елдің ықыласына бөленіп жүрген халықтың бір өнерпаз ұлы емес пе? Тіпті, тойларыңыз болса, осы Тұрсынбек пен оның жігіттері келсе екен деп тілеймейтін бе едіңіздер", - деп жазды ол.
Сонымен қатар композитор өнер адамы сүрінсе, халық оны бірден табалауға кірісетінін айтып күйінді. Әбдіхалықова отандық әуе компаниялардың жұмысында көңілі толмайтын тұстарын да атады.
"Елге белгілі өнер адамы сәл сүрінсе, жерге тығып, жүндей жөнелу қызғаныштың көрінісі емес пе? Сонда біз алға шыққанды көре алмайтын, біреудің бағына басы ауыратын осыншалық төмен халық болғанымыз ба? Неткен бейшаралық. Өзіміз де жиі сапарлаймыз. Елдегі әуекомпанияларының сапасы сын көтермейді. Оны халық айтып та, жазып та жүр. Қымбат билет бағасынан бастап, қызмет көрсету сапасын реттеуге биліктің күші жетер емес. Әсіресе, қазақ тіліне келгенде тілі бұралатын бортсеріктердің сиқын көргенде, қаның қайнайды. Кіжінесің! Тәртіп жоқтығына налисың! Ал оған сын айтсаң, қолынды қайырып, қаматып жіберіп қарап отырады", - деп жазды сазгер.
Оған қоса Әбдіхалықова Қабатовқа түсіністік танытып, оған араша түсуге шақырды.
"Осы жағдай Тұрсынбектің де басынан өтсе керек. Әйтпесе, мен білетін Тұрсынбек көргенсіздіктен ада, тәрбиелі, талантты жігіт. Өнер ортасында жүріп, "Тұрсынбек Қабатов біреудің ақысын жепті, артық кетіпті, кісіге қиянат қылыпты" дегенді естіген емеспін. Қадірлі ағайын! Өз баламызды өзіміз өлтіріспей, қайта араша түсейік! Ең болмаса, тасада отырып тас атпай, тілекші болайық! Талантты тірісінде бағалайық! Кісіні босқа қаралау, сүрінсе табалау меніңше өте ауыр күнә. Өйткені, күндердің күнінде соның орнында өзің болмасына кім кепіл", - деп жазды композитор.