11.08.2014, 12:30

Павлодар мұражайына ғасырдан астам тарихы бар рояль келіп түсті

Сурет: 24.kz

Павлодар көркемсурет мұражайының қорына ғасырдан астам тарихы бар рояль жеткізілді. Вера Воробьева-Моргеладзе есімді жергілікті тұрғын кезінде ерекше бағаланған «Дидерихс» фабрикасының аспабын туған қаласына тарту етті, деп хабарлайды 24.kz.

Аспап ағаштың сирек түрінен жасалған. Ал піл сүйегімен қапталған пернелер мен алтын жалатылған ішектер сән үшін емес, дыбыстың әдемі шығуы үшін қосылған. Рояльдің құндылығын бастырылған таңбасы айқындап тұрғандай, бұл — 1810 жылы негізі қаланған Ресейдің көне фортепиано фабрикасынан қалған белгі. Мамандардың айтуынша, мұндай аспаптар шектеулі данамен шығарылған.

Кезінде Санкт-Петербордан Павлодарға жеткізілген жәдігер қазір шамамен 15 млн. теңгеге бағаланып отыр. Бүгін-ертең мұражайға бірегей аспапты күйіне келтірушілер арнайы келмек. Майя Хусаинова, өнертанушы: — Мұражайымыздың төріне рояль сынды бірегей аспаптың жеткізілгені қала тұрғындарының мәдени байлығы мен өнерге деген құрметін көрсетеді. Бұл — ең бастысы, еліміздің, павлодарлықтардың игілігі үшін жасалынған сыйлық.