Бәрі жоғары деңгейде болды.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Мадина Сәдуақасова 10 жастағы ұлына су жаңа автокөлік сыйлады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Жуырда шоу-бизнес өкілі ұлының туған күнін атап өткен еді.
«Әнуар машинасын ауыстырды. Су жаңа 2024 жылғы екен. Ойлап қалмаңыз өзі рөлге отырады деп. Әрі-бері мектеп, баскетбол, бассейнге алып жүретін көлігін жаңарттық. Салондағы менеджерлер Расул мен Санжарға алғысымызды айтамыз. Бәрі жоғары деңгейде болды. Нөмірін де алдық. Құтты болсын, жаңа көлік! Туған күн жалғасып жатыр. Сіздердің де балаларыңызға жұғысты болсын!», – деп жазды әнші.
Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылып, оқушыға қымбат көлік алып берген отандық әншіні сынап жатыр.
«Қаншама адам аш, үйсіз отыр. Мақтанып елге көрсеткені несі?!», «Баланы жасынан ерте желпітіп керек емес сияқты, артық қой мынау», «10 жастағы балаға артық бұл сыйлық», «Темір тоза берсін. Ғұмыры тозбасын», – деп жазды желі қолданушылары.