Бұл туралы өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында тарқатып жазды.
ҚР мәдениет қайраткері, әнші Сәкен Майғазиев желіде бір немересін ұрып, екіншісін тербетіп отырған әжеге қатысты жеке көзқарасын білдірді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
“Әжеңнің түйіп қалғаны мен атаңның нұқып қалғаны, анаңның айқайы мен әкеңнің ашулы көзқарасы майдай жағатын кездер-ай! Мына бейнебаяннан махаббатты, шынайылықты, тәрбиені, тазалықты, жанашырлықты көрдім.
"Жасөспірім жарақаты" (Детская травма) дегенді қырық жасыма келгенде психологтан естідім" деген екен бір кісі. Психологиялық жарақат алмай-ақ, мұғалімдерден (апай, ағай), аға, әпкелерімізден таяқ жеп өстік қой.
Ақсақалдар академиясы, отбасы институты, жазылмаған дала заңы, асыл дінімізбен астасып, сабақтасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-тыйым, үлкенге құрмет, кішіге ізет сынды құндылықтарды қайтару арқылы ұлт болып қаламыз деп ойлаймын.
Мына көріністің соңында бесіктегі балапанның әжесінің қолын сүйгені ерекше әсер етті. Қатты сүйсіндім. Міне нағыз махаббат! Әр әулетте атаның берген бұйрығы, әженің айтқан ақылы шеру құрсын! Жұма мүбәрак, жақсыларым!”, – деп жазды әнші.