Концерттің дәл алдында ол көбіне дауыстың тыныштығын сақтайды, ешкіммен сөйлеспейді.
Димаш Құдайбергеновтің ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтар "1001 түн" бағдарламасына берген сұхбатында концерт туралы айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Қанат Айтбаевтың айтуынша, концертке 10 мыңнан астам шетелдік жанкүйер келген.
"Тойдың болғанынан боладысы қызық" дейді ғой. Астанада концерт өткенше қатты қобалжыдық. Арқа етіміз құрысып қалыпты. Бірақ барлығы да ойдағыдай, аман-есен өтті. Барлығы да қолдап келген елдің арқасы. Тыңдайтын құлақ, көретін көз болмаса, сенің өнеріңнің кімге керегі бар? Сол үшін концертімізге қолдау білдірген, келген, ыстық ықыласын білдірген халқымызға мың рақмет! Концертті өткізу барысында 500-ден астам адам қызмет жасады. Концертке 10 мыңнан астам шетелдік жанкүйер келді. Олардың көпшілігі Америка, Испания, Лондон, Қытай, Италиядан келген қонақтар", - деді ол.
Света Айтбаева Димаш концерттің алдында ешкіммен сөйлеспейтінін айтты.
"Дыбыс аппараты деген өте нәзік дүние. Димаш бірнеше күн бұрын дайындықтарын жасады. Концерттің дәл алдында ол көбіне дауыстың тыныштығын сақтайды, ешкіммен сөйлеспейді. Бұл дауыстың сапалы шығуына, салмақ түспеуіне әсер етеді. Біз де Димаштың тыныштығын сақтап, мазасын алмауға, сөйлеспеуге тырысамыз. Тіпті бізбен де телефонға жазып сөйлеседі", - деді анасы.