03.10.2024, 16:20

«Қателескен кездерім болды»: Қыдырәлі Болманов түрмеде жүр (ВИДЕО)

Фото: instagram.com/kydyrali_bolman

Өмірімдегі қиналған кез, ең қауіпті төбелес, қорқынышты оқиға, ең әсерлі жеңістерім, қысқасы, өмірде болған оқиғаларымды кино қылып айтып бердім. 

Әнші әрі танымал продюсер Қыдырәлі Болманов Павлодар қаласындағы түрмеге барып, жазасын өтеп жүрген азаматтармен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол сотталған азаматтарға үміт сыйлап, кезіндек өзінің басынан өткен қиындықтар туралы баяндады.

«Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді дейсің. Қателеспейтін пенде жоқ. Павлодар қаласы, жалпы режімдегі колонияда жазасын өтеп жүрген азаматтармен кездесуге шақыру алдым. Қойылған мақсат – Республика күні мерекесі қарсаңында рухани әңгіме жүргізу, рухани қолдау көрсету екен. Мүмкін бір сөзім біреуге демеу, біреуге үміт, ал беруге жұбаныш болар. Тым болмаса қазір қиындыққа түсіп, қамауда отырған, сынақта жүрген отандас бауырларға амандасып, жақсы тілек тілеп, жүз көрсетіп, ізет білдіріп қайтармын. Алла көріп тұр – ниет түзу.

Шашыраған сұрақтар жауап таппай, масадай ызыңдап, сұрақтар жан-жағымда айналып жүр. Жаратушым жақсы ой берді бір кезде. Өзімнің де шалыс басқан, қателескен кездерім баршылық. Қателерімді қалай түзегенім, небір «нокауттарға» түсіп, оңбай құласам да, қайта тұрып, алға жүріп, биікке ұмтылғанымды, биік мақсаттарға қалай жеткенімді, менің де тар жолға түсіп, тайғақ кешкенімді айтайын дедім. Қалай бар, солай, шынайы әңгіме неге айтпасқа? Көңілім орнына түсті. Басшылары күтіп алды. Әңгімені басымнан өткен сынақтар, қиындықтар және қалай жеңгенім, тар жолдан қалай өткенім, тайғақты қалай кешкенім туралы сөздерден бастадым. Өмірімдегі қиналған кез, ең қауіпті төбелес, қорқынышты оқиға, ең әсерлі жеңістерім, қысқасы, өмірде болған оқиғаларымды кино қылып айтып бердім. Ән де орындалды. 2 сағат тез өтіп кетті», – деді ол.