09.10.2024, 11:20

Марқұмдардың абыройын төгіп, құпия-сырларын ақтару – көргенсіздік – Меруерт Түсіпбаева

Фото: @meruert_tusupbaeva

Құдай-ау, ол танымал адамның өзі мен көзі кеткенімен артында бала-шағасы, ел-жұрты, жекжаты, көрермені қалды емес пе?!

Танымал әнші Меруерт Түсіпбаева қайтыс болған адамның сырын дүйім жұртқа жайып салатын әріптестерін сынады. Оның айтуынша, бақилық болған адамның сырын жұрттың алдын айту – көргенсіздік, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Пост жазуға сұхбат беруге құлқым жоқ. Өтірік айтқым келмейді. Шындық көпшілікке ұнамайды. Тыныштық керек, дегенмен, көптен бері осы ой мазалап жүр еді… Осы дүниеден өтіп кеткен танымал адамдар туралы, сұхбат беру дұрыс емес. Марқұмдардың көрге өзімен алып кеткен құпия-сырларын ақтару – көргенсіздік. Жуырда осы тақырыпта бір үзінді көріп қалып, жағамды ұстап едім. «Мұнысы несі екен?!» деп ойладым да қойдым. Тіпті мынау не деп оттап отыр деп те ұрысып алдым. Бәлкім, ол тірі кезінде сізге сеніп, жан-дүниесін ақтарған болар?! «Өзі жоқтың –көзі жоқ» деп, абыройын төгіп, марқұмның бар сырын дүйім жұртқа жария ету керек пе?! Құдай-ау, ол танымал адамның өзі мен көзі кеткенімен артында бала-шағасы, ел-жұрты, жекжаты, көрермені қалды емес пе?! Иә, ол марқұм қайтып келіп, өсекшіні сілкімес, жауапқа тартпас, сотқа бермес. Бірақ артында қалған ұрпағы бұдан кейін қалай өмір сүреді?! Елдің бетіне қалай қарайды?! Неге сонша қатыгез болдыңыздар, адамдар!», – деп жазды әнші.

Еске салсақ, кеше марқұм сазгер Арман Дүйсеновтың ұлы қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады. Осыдан кейін продюсер Баян Мақсатқызы да танымал адамның жеке өміріне қол сұқпауға үндеген.

«Бағдарламаға қатысқан адамдардың сөзін журналистер қолдап, соны тыңдап отырыпты. Жалпы, танымал адамдардың жеке өміріне қатысты әңгіме қозғауды тоқтатыңыздар! Олардың өміріне араласпаңыздар!», – деді Баян Алагөзова.