Әке болған тамаша сезім екен.
Жақында әке атанған 91 тобының әншісі Alem алғаш рет тұңғыш сәбиі туралы айтып, сұхбат берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Alem мен Вероника Жанғалова сәбиін қырқынан шығарды. Олар тұңғыш сәбиіне Тай деген есім беріп, әлеуметтік желідегі оқырмандарымен таныстырды.
"Негізі көз тию дегенге сенемін. Бірақ тұңғыш сәбиімізді көрсетіп, қуанышымызды бөліскіміз келді. Кішкентай бала ғой, суретін жариялағаннан көз тиіп кетпейтін шығар. Көріп отырған адамдар, тфай-тфай деп қойсаңыздар болды", - деді Alem.
Әнші әке болу сезімі туралы да айтып, ағынан жарылды.
"Әке болған тамаша сезім екен. Ең бірінші түсінгенім - жалпы, әйел адамдар, сіздер ғажапсыздар, таңғажайып, керемет жаратылыссыздар. Сондықтан әке атанғаннан бері мың есе құрметтеп, жақсы көріп кеттім сіздерді", - деді ол Revue News тілшісіне берген сұхбатында.
Әншінің мұндай сөздерді айтуына себеп болған нәрсе - әйелімен бірге босану залына кіргенінде.
"О бастан әйелімнің жанында өзім болғым келді. Бұл деген үлкен байланыс қой. Әйел адаммен, махаббатыңмен, балаңмен байланыс. Егер мен осының бәрін көрмесем, "ой, барып туып тастайды ғой" деп ойлап жүре беруші едім. Ойым өзгерді", - дейді ол.