«Астана», «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 15 жыл» (2010) медальдарының, «Дарын» жастар сыйлығының (1995), «Мәдениет қайраткері» (2008) иегері.
63 жыл бұрын (1961) ҚР еңбек сіңірген әртісі, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Әлтайұлы ӨНЕРБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданы Қазақстан ауылында туған. 1980 жылы М. Әуезов атындағы драма театры жанындағы актерлер студиясын, 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірді.
Еңбек жолы: 1980-1990 жылдары М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының екінші пландағы актері, режиссердің көмекшісі, бас режиссердің көмекшісі, актер болды. Осы кезде «Ана – Жер Ана» спектаклінде Жайнақ рөлін, «Қан мен терде» Рай рөлін ойнады. Тағы басқа 15 шақты спектакльде ірілі-ұсақты кейіпкерлерді сомдады.
1990-1998 жылдары «Қазақ радиосында» диктор болып қызмет атқарды. 1996-1998 жылдары «Хабар» агенттігінде аудармашы, дубляж бөлімінің жетекшісі, 1998-2002 жылдары республикалық Президент оркестрінің әншісі болды. 2003 жылдан «Қазақстан теледидары мен радиосы» республикалық корпорациясы» ЖАҚ Басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақ радиосының» бас директоры болды. 2007 жылы Алматы қаласы мәдениет департаментінің директоры. 2008 жылғы желтоқсаннан төртінші шақырылған ҚР Парламенті Мәжілісіне «Нұр Отан» ХДП тізімі бойынша депутат болды.
Нұрлан Өнербаевтың үлкен сахнадағы әншілік, орындаушылық өнер жолы 1986 жылдардан бастау алады. Ол «Сағыныш», «Анашым», «Әке арманы», «Қазақ қызы», «Сұлулық», «Ауылым», «Туған күн», «Сағындым ауылды», «Жан аға», «Махаббат көктемі», «Қарағым-ай», «Аққуым», «Таңғы тілек», «Ақ тілек», «Ай да, күн де» әндерін, сондай-ақ халық әндерінен «Дударай», «Сандуғаш», «Бір бидай арпа», «Үкілі кәмшат», «Ой көк», «Беу, айдай», «Бипыл» әндерін орындап жүр.
Өнер сапарымен, концерттік бағдарламамен Түркия, Италия, Франция, Жапония, Чехия, Словакия, Марокко, Қытай, Германия, Моңғолия елдерінде болды. «Сұлулық», «Жан аға» атты аудио кассеталары мен «Қарағым-ай» және бірнеше үнтаспалары шыққан.
«Астана», «ҚР тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001), «Қазақстан Конституциясына 15 жыл» (2010) медальдарының, «Дарын» жастар сыйлығының (1995), «Мәдениет қайраткері» (2008) иегері.