02.12.2024, 06:30

«Қазақтардың сыналатын уақытына келіп тұрмыз»: Бадықова фильмінің тұсаукесерінде уайымы жайлы айтты

Фото: Видеодан алынған кадр

Дариға Бадықова "Таптым-ау сені-2" фильміне біріншісіне қарағанда аз ақша жұмсалғанын айтты.

Актриса, кинопродюсер Дариға Бадықова төл туындысының екінші бөлімін жарыққа шығарды. Медиа тұлғалардың басқосуына айналған "Таптым-ау сені-2" фильмінің тұсаукесерінде уайымы жайлы айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы Massaget.kz-ке cілтеме жасап. 

Дариға Бадықова "Таптым-ау сені-2" фильміне біріншісіне қарағанда аз ақша жұмсалғанын айтты. Десе де, сценарийге ерекше мән берілген. Оның сөзінше, бұл фильмде сценаристер әр әзілге терең үңіліп, ұзақ жұмыс істеген.  

"Екіншінің жүгі ауыр дейді ғой қазақ. Киноны көрсеңіздер, әр әзіл өміршең стильде жазылған. Ешқайсы арзан әзіл емес. Күлкінің өзі күлу үшін болған жоқ. Егер түсінетін жан болса, оның астарын ұғып отырады. Көбі Олжастың (Олжас Абай - ред.) өзінің импровизациясы деп ұғып қалды. Бірақ әр әзіл сценаристердің идеясынан шыққан нәрсе. Тақырыпты, сценарийді өзім таңдадым", - деді ол журналист сауалына берген жауабында. 

Сонымен қоса, "Таптым-ау сені-2" фильмімен қатар Голливудтың "Моана" мультфильмінің де екінші бөлімі көрерменге жол тартты. Қос туындының тұсаукесері қатар келуін Дариға Бадықова қалай қабылдады?

"Кавказ халқын алсақ, олар өздерінің шығарған дүниесіне барады. Түріктер де өздерін қолдайды. Енді біз қазақтардың сыналатын уақытына келіп тұрмыз. Себебі осы жолы Голливуд пен Қазақстанның текетіресі болады. Біздің аудитория, көрермендер үлкен қаржыны көтере алатын деңгейде ғой. Сондықтан да, бір Құдай біледі. Мен Құдай емеспін ғой. Ештеңені былай болады деп алдын ала болжап айта алмаймын. Бір миллиард жинаймын, екі миллиард жинаймын деп айта алмаймын. Құдай абырой берсін. Әрине, қорқыныш бар. Бұл менталды комедия. Әр отбасында болып жатқан жағдайды картиналадық. Өзімнің арманым - осы. Ұшақ ұшырып, парашют құлатқым келмейді. Қазақтың менталды комедияларын түсіргім келеді", - деді ол.