Гигиена деген нәрсе атымен жоқ еді ғой. Қазір ше?! Қазіргі балалардың қасына маскасыз жолап кетсең бітті ғой, ертесіне температурасы қайнап жатады.
Атақты айтыскер Айнұр Тұрсынбаева балалық шағында көрген біраз қызығын баяндады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Желіде қыз-келіншектерге мотивация беріп жүрген коучтың айтуынша, оның балалық шағы тоқырау кезеңінде өткен.
“Біздің бала кезімізде қазіргідей вирус жоқ па еді, әлде біздің иммунитетіміз сұмдық болған ба?! Мысалы, мен бала кезімде өмірі ауырмағанмын. Тіпті жөтелмегенмін. Мектептен қарнымыз ашып шығады. Үйге жеткенше опырып қар жеп қайтамыз. Бізде сонда “ангина” неге болмаған?! Қазіргі балаларға мамалары балмұздақты ерітіп, жылытып беріп жатқанын көргенде өзімнің бала кезімді аяп кетемін. Мектептен қайтып келе жатып сырғанаймыз, аяздан мұрнымыздың іші сықырлап қатып қалатын. Пимамыз тесіліп, аяқ шылқыған су боп кетеді. Дала қақаған аяз. Сонда неге бір адам "мына бала суық тиіп ауыратын болды" деп уайымдамаған. Қазір сәл желдеткіш ашылса, балаға суық тиіп қалады”, – деп жазды коуч-психолог.
Сонымен қатар, ақын бала кезде «гигиена сақтау, вирус жұғады» дегенді білмей өскенін жазды.
“Біздің Көкжыра ауылында тәтті тапшы болатын. Әсіресе сағызды табу мүмкін емес еді. Бәріміз смола шайнайтынбыз. Қаладан біреулер келе қалса, тәтті сағыз әкеледі. Жарымағандай 1-2 дана әкеледі ғой тағы. Қолыңа тиетіні – жалғыз сағыз. Оны ауладағы бүкіл қыз кезектесіп, бес минуттан шайнаймыз. Кей кезде ұлдар да сұрап шайнап тұратын. Әйтеуір әбден іріп кеткенше шайнамайтын адам жоқ еді ғой. Сонда бір вирус жұғады деп ойламаймыз. Гигиена деген нәрсе атымен жоқ еді ғой. Қазір ше?! Қазіргі балалардың қасына маскасыз жолап кетсең бітті ғой, ертесіне температурасы қайнап жатады”, – деп күлдірді айтыскер ақын.