Сонда 14 жасар қыздарымыз осындай кино көре ме?
Журналист Ертай Нүсіпжанов көрерменді Гүлнұр Мамасарипованың продюсерлігімен түсірілген «Кәрі қыз» фильміне байкот жариялауға шақырды, деп хабарлайды Sкifnews.kz ақпарат порталы.
Оның пайымдауынша, фильмде белден төмен тақырыптар көп қозғалған.
«Жаңа Қазақстанның +14 отандық фильмі. Ішімдікті үйрету, белден төмен әңгіменің насихаты, төсек әңгімесі, тіл тазалығы жоқ, некесіз бала туудың насихаты. «Кәрі қыз» теріс тәрбие беретін фильмге байкот. Жер-жерде жарнамасы жүріп жатқан фильм бүгіннен бастап үлкен экранға шықты. Шықпауы тиіс еді. Бірақ шықты. Себебі, бұл біз — Жаңа Қазақстан! Тәртіпсіз, тәрбиесіз ұрпақ аспаннан түспейді. Осылай өзіміз тәрбиелеп жатырмыз. Бала-шағамен бірге барып қасында отырып көреміз. Сұрауы кімнен?», — деп жазды Ертай Нүсіпжанов желідегі парақшасында.
Бұл ретте желі қолданушылары журналисті қолдап, фильмнің кинотеатрлардан көрсетілуіне қарсылық білдірді.
«Масқара, не болып кетті? Сонда 14 жасар қыздарымыз осындай кино көре ме?», «Халықтың мәдениетін әдейі төмен дәрежеде ұстап отырудың тәсілі. Осындай киноларға арнайы ақша бөлінетін сияқты», «Тым жақсы әртістер, ойнап жатқан рөлдері жүректі ауыртады», «Ұят-ай, көрсетілмесін» деп көпшілік жаза жөнелді.