Ортақ шешімге келуге тырысыңыздар!
Танымал әнші Ерке Есмахан өзінің алғашқы некесі туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Желі қолданушысы әншіден «35 мың теңге алимент алатыныңыз рас па?» деп сұраған.
«Мен ешқашан алиментке арыз жазған емеспін. Алимент алмағанмын. Көмек сұраған жоқпын. Бала өз несібесімен келеді деп сенемін. Өзім жұмыс істеп, баламды өсірдім. Нағашыларым да көмектесті, бағып-қақты. Шүкір! Отау құрғаннан кейін күйеуім Мүсілімді жанымызға қабылдадық. Сол кезден бастап не ішемін, не киемін деп уайымдамадым. Кейде осыны ойласам, көзіме қуаныштан жас келеді.
Сіздерді түсінемін. Отбасында гармония болмаған кезде өмірдің мәні жоғалады. Береке кетеді. Бірақ мен ешқашан біреудің отбасына ақыл айтуға бара алмаймын. «Мынау дұрыс, анау бұрыс» деп айта алмаймын. Өйткені әртүрлі жағдайлар болады, ақылым зиян тигізуі мүмкін. Алладан қорқамын. Сондықтан, алдымен, күйеулеріңізбен ашық сөйлесіп, дос ретінде өз ойларыңызды бөлісіңіздер. Ортақ шешімге келуге тырысыңыздар! Өздеріңіздің мәселелеріңізді өздеріңіз шешіңіздер!», – деп кеңес берді Ерке Есмахан.