Біржанның сөзінше, әкесі нағашы ата-әжесінің тәрбиесін алған.
Бүгін әйгілі композитор, әнші, Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев көзі тірі болғанда ол 85 жасқа толар еді. Осы орайда әншінің ұлы Біржан Хасанғалиев Kazinform агенттігіне сұқбат беріп, әкесі туралы естелігін айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Агенттік тілшісі Біржан Хасанғалиевке әйгілі композитор неге анасының тегін алғаны жөнінде сұрақ қойған. Біржанның сөзінше, әкесі нағашы ата-әжесінің тәрбиесін алған.
"Әкем нағашыларында тәрбиеленіп өскендіктен сол кісілердің атымен тарихта қалды. Туған әкесі — Құбаш Ибрашев, анасы — Қанаш Өтегенқызы. Туған атам 1942 жылы 24 жасында ауырып қайтыс болады. Сөйтіп, нағашы атасы Өтеген Хасанғалиев пен Бақия әжесі оны қамқорлығына алады. Ескендір Хасанғалиев 1961 жылы ең алғашқы шыққан "Анаға сәлем" әнін туған анасы Қанашқа емес, әжесі Бақияға арнаған. Нағашы атасы мен әжесін қатты жақсы көрген. Өкінішке қарай, Құбаш атамның аты ұмыт қалды. Әкем туған әкесі туралы кейін білген", - дейді Біржан Хасанғалиев.
Кейінірек Біржан өз жұртының тегіне ауысқысы да келген.
"20 жасымда фамилиямды, яғни тегімді Ибрашев деп өзгерткім келді. Бірақ әкем іштей оған қарсы болды. Мен соны сездім, көрдім. Содан кейін ойымнан бас тарттым. Хасанғалиев деген тек — бренд. Барша қазақ таниды. Осылайша Хасанғалиев болып қалдым. Балаларым да Хасанғалиевтер", - дейді ол. Айта кетейік, Біржан Хасанғалиев "Ескендир Хасангалиев. Жизнь в музыке. Музыка в жизни" атты кітап жазды. Автордың сөзінше, сол кітапта атасы Құбаш Ибрашев туралы да айтылады. "Ибрашев тегінің біздің өмірімізде алатын орны ерекше және маңызды", - дейді Біржан Хасанғалиев.