Егер жол ережесін бұзбасаң, айыппұл алмайсың.
Танымал актер әрі боксшы Еркебұлан Тоқтар қоғамдағы мәселеге қатысты пікір білдіріп, елге жақпай қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Шоу-бизнес өкілі Үкімет жұмысы туралы журналистің сұрағына “әркім өз ісімен айналыссын, билікте жұмысың болмасын” деп жауап берген.
“Үкіметтің ісіне неге араласасыз? Әр адам өз жұмысымен айналысқан жөн. Қоғамдағы проблемаларды қалай шешпекшісіз? Мысалы, мен өз жұмысыммен айналысамын, басқалардың жұмысында шаруам жоқ. Егер өз ісімді жақсы істесем, өмірім жақсарады. Осындай ой барлық адамдарда болуы тиіс. Үкіметтің ісіне көңілім тола ма, жоқ па – бұл туралы айту маған қиын. Бірақ өз ісіме қатысты айта аламын. Өзімнің жұмысымнан қуаныштымын. Еңбектеніп, таңертең тұрып, жұмыс істеймін. Сонда жақсы жағдайлар жасай аламын,” – деп айтқан еді актер.
Оның бұл пікірі халыққа жақпай қалды.
"Ол ешкімге басын ауыртпайды”, “Тек өз қамын ойлап тұр”, – деп көпшілік жаза жөнелді.
Кейін актер жеке парақшасында видео жариялап, өз пікірін кеңірек түсіндірді.
“Журналист сұрақ қойды, мен оған жауап бердім, өз ойымды айттым. Одан кейін жақсы да, жаман да пікірлер болды. Жаман пікір жазғандардың көбі мені «үкіметтен қорқады» деп жазды. Бірақ мен үкіметтің жұмысында істемеймін, олардың киносына түспеймін, ақшасын алмаймын. Сондықтан үкіметтен қорықпаймын. Егер қорықсам, жұртқа ұнайтын нәрселерді ғана айтатын болар едім. Ал мен шынайы азаматтық пікірімді айттым. Басқаларды кінәламай, өзім өзгерте алатын нәрселерге күш саламын. Егер жол ережесін бұзбасаң, айыппұл алмайсың. Мен ҚҚС туралы айқайлап, жағдайды өзгерте алмаймын. Сондықтан өзім білетін ісіммен айналысамын, білмейтін нәрсеге араласпаймын. Өзгерте алатын нәрселерді өзгертуге тырысып жүрмін,” – деп қорытындылады киножұлдыз.