Ол директордың өзі шығармашылық адамы болғаны жақсы екенін айтады.
Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов театрлардың жағдайын айтып, қазір олардың көбі бетімен кеткенін жасырмады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Театрдың жұмысы нәзік екенін білесіздер. Қазір көбіне театрда басшылық жайы үлкен проблема болып отыр. Бір ғана директор бәрін басқарады. Ал енді театрдағы штаттағы көркемдік жетекші лауазымы жай ғана «свадебный генерал» сияқты ештеңе шешпейтін сурет болып отыратын жағдайға жетті. Ал енді шығармашылық ұжымды басқаратын кім? Әрине, директордың өзі, - деді халық әртісі.
Ол директордың өзі шығармашылық адамы болғаны жақсы екенін айтады.
Театрды басқаратын ең бірінші көркемдік жетекші, бас режиссер болатын адам шығармашылық жағын қарайды емес пе? Сол адам (директор – авт.) емес пе? Труппаны жасақтайтын, қойылымдарды қарайтын, репертуар саясатын ойлайтын... Ал бізде қазір көркемдік жекші жай ғана әңгіме болып қалды. Оның сөзі, әсері өтпейді, - деп ойын айтты Тұңғышбай Жаманқұлов.
Әртіс театрды бір ғана адам басқару керегі жайлы бұрыннан айтып келе жатқанын жеткізді. Бірақ сөзінше, ол адам шығармашылық адамы болуы керек.
Мысалы, директор министрлік пен шенеуніктермен байланыста болады. Есеп беріп отырады. Ал шығармашылықты кім жасайды? Труппаны кім жасақтайды? Репертуар саясатын кім қарайды? Оны көркемдік жетекші қарауы керек. Сондықтан театрдың осы нәзік жағдайына көбірек назар аудару қажет. Көркемдік жетекші көбіне «директор ақша тауып бере алмағандықтан, жақсы спектакль қоя алмадым» дейді. Ал директор «мен ақша тауып бердім, бірақ көркемдік жетекші жұмыс істеген жоқ» деп бір-біріне сілтеп, мәселені сиыр құйымшақтатып жіберетіні рас. Осы мәселені ойлау керек. Тіпті ойлануға уақыт өтіп бара жатыр. Қазір театрлардың көбі бетімен кеткен, - дейді Жаманқұлов.
Сөзінше, барлық театрды көркемдік жетекші бар, бірақ олардың кім екенін адам танымайды. Халық әртісі үлкен театрлардыкын тануы мүмкін екенін, бірақ облыстық театрлардыкын көбі тани бермейтінін алға тартты. Тұңғышбай Жаманқұлов осы мәселелерді заңмен реттеу керегін ұсынды.