Сапарға шыға алмаған азаматтар полицияға шағым түсірген.
Алматыда айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлына алданып қалған туристердің ақшасы қайтарылып жатыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Qazaq travel компаниясы арқылы кіші қажылыққа бармақ болған 50-ден астам азамат әрқайсысы кемі 500 мың теңгеден төлеп, ақыры сапарға аттана алмай қалғанын айтқан.
Айтуларынша, жолдаманы сатқан — компанияның атқарушы директоры Данияр Имашев. Бірақ ұшар күннің қарсаңында фирма тарапынан не билет, не қонақ үй рәсімделмегені белгілі болған. Сапарға шыға алмаған азаматтар полицияға шағым түсірген.
Алаяқтық бойынша қылмыстық іс қозғалып, үш адамға тергеу басталды. Тергеуге тартылғандардың қатарында Данияр Имашев та бар. Бұл жағдайға қатысты Балғынбек Имашев жолдаманың қымбаттауын алға тартып, түсініктеме берген.
Бүгін қажылыққа бара алмаған азаматтарға ақшаны айтыскердің өзі қайтарып берген. Сондай-ақ, ол адамдардан қолхат алып, бұл сәтті видеоға түсірмеуді өтінген.
«Ақшамызды алдық. Балғынбек Имашев ағамыз келіп, ақшамызды қайтарды. Бірақ басқа адамдарды білмеймін, сырттағы адамдар бар, оларға өзіміз хабарласып, ақшаның бәрін таратамыз деді», - дейді Жаннұр Жөкетай.