17.04.2025, 15:20

«Баламды қорлаған»: Миллионер блогер Дарикорнның басы дауға қалды (ВИДЕО)

Фото: жеке парақшасынан алынды

Желі жұлдызы жеке бизнесін жарнамалап, көшеде балалармен сұхбаттасқан. 

Белгілі блогер Дарикорн жарнама жасаймын деп басы дауға қалды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы.

Желі жұлдызы жеке бизнесін жарнамалап, көшеде балалармен сұхбаттасқан. 

“2024 жылдың тамызында миллионер блогер Дарикорн өзінің Qatty Tatty кафелер желісін жарнамалау үшін менің рұқсатымсыз ұлымды бейнекамераға түсірген. Ол видео 2 миллион 500 мыңға жуық қаралым жинаған. Блогер ұлымнан сүйікті тамағының қандай екенін сұрайды. Сол сәтте ұлымның “Пицца” деген сөзінің үстіне “Пися” деп субтитрмен жазып қойған. Мен ол видеоны қазан айында көрдім. Мекеме басшылығына хабарласып, баламның қорланғанын айттым. Бірақ олар ештеңе істегілері келмеді. Видеоны да өшірмеді. Бір әріп үшін балам достарымен араласудан қалды. Ұлым осы видеодан кейін буллингке ұшырады. Футбол үйірмесіне де бармайтынды шығарды. Қатарластары да сол видеоны айтып, мазақ етеді екен”, – деп бастады әңгімесін жәбірленушінің анасы. 

Одан кейін жәбірленуші тарап блогердің командасынан өтемақы талап етіп, арыз жазған. Өйткені жарнамаға түскен баланың ата-анасынан рұқсат алмаған. 

“ҚР Заңында балаларды ата-анасының рұқсатынсыз фотоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялауға тыйым салынады. Бейнероликте ұлымды масқаралап тұрғаны анық көрінеді. Одан кейін менің рұқсатымсыз баламды белгісіз өнімдермен тамақтандырғанына да ашуланып отырмын. Менің ұлым аллергиялық реакцияларға бейім, бұл аллергиялық шокқа әкелуі мүмкін. Біз толыққанды отбасымыз. Қазір ұлымызға жан-жақтан қолдау білдіріп отырмыз. Күн сайын неше түрлі қайғылы оқиғаларды естіп жатамыз. Бірінші инстанция сотының шешімімен блогердің ашқан кафесі ұлыма 500 мың теңге моральдық шығынды және сот шығындарымды өтеуге міндеттелді. Одан кейін көпшілік алдында кешірім сұрауды талап етті. Бірақ олар аппеляциялық шағым түсірген. Олар кешірім сұраумен, келтірілген шығын көлемімен немесе заңгерлік қызмет үшін төленетін төлеммен келіспейді”, – деп алаңдайды анасы. 

Ал блогер жеке парақшасында осы мәселеге бағытталған жазба қалдырды. 

“Адвокатым көрінген адаммен соттасып, біраз байып қалды”, – деп жазды Дарикорн. 

 

 

Тегтер: блогер Дариға