18.04.2025, 14:00

«Кім не десе о десін»: Асхат Садырбай жеке өміріндегі даулы оқиғаға пікір білдірді

Фото: желіден алынды

Медиа маманы жеке парақшасында жазба жариялады. 

Танымал журналист Асхат Садырбай жеке өміріндегі келеңсіздікке қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Медиа маманы жеке парақшасында жазба жариялады. 

“Жеке өмірімдегі сәтсіздіктердің болғанын жасырмаймын. Ол туралы талай айтқанмын. Менің қандай әке екенімді балаларым біледі. Ал, қандай жар болғаныма қатысты үлкен арнаның эфиріне оралғалы осы бір жағымсыз ақпарат басылар емес. Мен тіпті бұл ақпаратты кім, қалай таратып жатқанын да білемін. Бұл ақпарат шықпай тұрып тіпті маған әріптесер арқылы ескерту де келген. Кім не десе о десін. Ұлдарым өсіп келе жатқандықтан артық әңгіме айтпаймын. Мен тек өзімнің құқығымды қорғаймын деп шештім. Сол себепті де заңға жүгіндім”, – деп жазды журналист.

Сондай-ақ БАҚ өкілі сотқа да шарасыздықтан жүгінгенін жасырмады. 

“Сотқа қайырылмауыма болмады. Ешкім ешкімді соттайын деп жатқан жоқ. Ешкім “Астарлы ақиқатқа” ақша өндіруді сұраған жоқ! Жеке өмірімді жұмыспен байланыстырып, сот арқылы ток шоуға ақша өндіргелі жатыр деген тапсырыс посттарды кейбір “блогерлер” жазыпты. Бұның бәрі жалған сөз, жалған ақпарат. Аяқталмаған сот туралы жалған ақпарат таратқан азаматтар мен басылым беттеріне сотқа дейінгі арыз жолданды. Сіздерден өтініш, ешқандай жалған ақпараттарға сенбеулеріңізді сұраймын”, – деп жазды медиа маманы.

Еске салайық, Асхат Садырбай бұрынғы әйелін сотқа беріп, 1 миллион 500 мың теңге талап етіп отырғанын жазған едік.