Ол өз жазбасында өміріндегі күрделі шешімдерінің бірі – ажырасу жайлы ашық айтып, қоғамдағы түсінбеушіліктерге төтеп беру үшін батыл қадамға барғанын жеткізді.
Белгілі тележүргізуші және қоғам белсендісі Дана Нұржігіт Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың ажырасқандарға салық салу туралы ұсынысына қатысты пікір білдіріп, бұл бастамаға түбегейлі қарсы екенін айтты. Ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында отбасы институтына қатысты қоғамдағы стереотиптер мен екіжүзділікке тоқталып, мұндай көзқарастардың салдарын шынайы түрде сипаттады, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.
Нұржігіт өз жазбасында өміріндегі күрделі шешімдерінің бірі – ажырасу жайлы ашық айтып, қоғамдағы түсінбеушіліктерге төтеп беру үшін батыл қадамға барғанын жеткізді.
«Жалғызбасты әйелдің етегін не ел ашады, не жел ашады. Соны біле тұра өтірік «статусқа», екіжүзді өмірге бара алмайтын өзім тәуекел еттім кезінде! Еш өкінбеймін. Иә, ұл баланы жалғыз көтеру, әке де, шеше де болу оңай емес!» – деді тележүргізуші.
Дана Нұржігіт депутат Назаров келтірген деректерге назар аударып, бұл статистика қоғамда терең әлеуметтік зерттеулер жүргізуді қажет ететінін атап өтті.
«Бұл – “Неке және отбасы” кодексін қайта қарап, түбегейлі талдау жүргізу қажеттігін көрсететін қызыл белгі. Ажырасқандарға салық салу – абсурд. Бұл адамның еркіндігіне қарсы әрекет», – деп жазды ол.
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың пікірінше, ажырасу тек жеке мәселе емес, ұлттың болашағына төнген қауіп. Осыған орай ол ажырасатындарға салық салуды ұсынған болатын. Алайда Дана Нұржігіт бұл бастаманы адамның таңдау еркіндігіне қол сұғу деп бағалап, оны «ақылға сыймайтын мәжбүрлеу» деп атады.