21.05.2025, 21:30

Дженнифер Лопес елімізде бір концертпен шектелмейтін болды

Фото: әлеуметтік желі

Эксклюзив жаңалық!

Америкалық поп-музыка жұлдызы Дженнифер Лопес биылғы жазда «Up All Night» атты әлемдік гастрольдік туры аясында Қазақстанның екі қаласында концерт қояды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Астанада өтетін алғашқы концерт туралы жаңалық көпшіліктің қызу қызығушылығын тудырған соң, енді әншінің Алматы қаласында да сахнаға шығатыны белгілі болды.

Бұл ақпаратты Astana Concert компаниясының продюсері Мәлік Хасенов журналист Динара Сәтжанға берген сұхбатында растады. Өз кезегінде Сәтжан бұл жаңалықпен әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.

Эксклюзив жаңалық! 10 тамыз күні Алматыда Дженнифер Лопестің екінші концерті өтеді. Естеріңізге сала кетейік, бірінші концерт 1 тамыз күні Астанада өтеді, – деп жазды ол.

Астанадағы концертке билет сату кезінде адам санының көптігінен Ticketon сайты жүктемеге шыдамай, техникалық ақауларға ұшырады. Кейбір пайдаланушылар билеттердің қосарланып сатылғанын хабарлады.

Ticketon өкілдерінің айтуынша, бұл жағдай техникалық себептерге байланысты болған. Осы мәселені шешу мақсатында компания қосарланған тапсырыстар болуы мүмкін клиенттерге билеттердің санатын көтеру туралы шешім қабылдады.