Мереке соңында бүлдіршіндер мантия киіп, файер-шоуды тамашалаған.
Ақтаудағы жеке балабақшалардың бірінде түлектерге арналған қоштасу кеші сән-салтанатымен өтті. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада алты жасар балалардың ақ түсті лимузинмен мейрамханаға жеткізілген сәті бейнеленген, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Балдырғандарды мейрамхана алдында скрипкашылардың жанды музыкасы қарсы алған. Шараның басты кейіпкерлері — ұл балалар көгілдір түсті классикалық костюм кисе, қыздар балыға арналған әсем көйлектермен келген. Мейрамхана іші мерекелік безендіріліп, кеш әсерлі әрі салтанатты түрде өтті.
Мерекелік бағдарламада балалар қоштасу вальсін билеп, арнайы дайындалған сыйлық жиынтықтарын алды. Шара соңында бүлдіршіндер мантия киіп, файер-шоудың куәсі болды.
Желі қолданушыларының айтуынша, бұл кешке ата-аналардан ешқандай қаржылай шығын талап етілмеген. Барлық ұйымдастыру жұмыстарын балабақша әкімшілігі өз мойнына алған.
«Киімдерді өздері тіккен, лимузин де ата-аналардыкі, жүргізушісі де солар», – деп пікір қалдырды қолданушылардың бірі.