Аз сөйлесетін отбасы ажырасумен аяқталады.
Белгілі айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева отбасындағы әйел мен еркектің, баланың ара қатынасы туралы елді ойландыратын жазба арнады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Айнұр Тұрсынбаева өз жазбасын желідегі парақшасында жазды.
«Қаншама адамдармен жұмыс жасап жүріп көзім жеткен заңдылықтар:
1. Шешесімен тіл табыса алмаған адам, қызымен көп конфликтіге түседі. Әке-шешеңнің өзіне көрсеткеніңді балаң көзіңе көрсетеді екен.
2. Әкесін сыйламаған адамның аяққа тұрып кетуі қиын болады.
3. Көп өкпелейтін адамды өкпелететіндер көп. Яғни, ақшаға алдана беретін болсаңыз, алдымен өкпелеуді тоқтатыңыз.
4. Аз сөйлесетін отбасы ажырасумен аяқталады.
5. Әйелі сыйламайтын еркек алысқа бармайды.
6. Күйеуінің махаббатын сезінбейтін әйел ашуланшақ, бала-шағасын ұрып тәрбиелейді.
7. Болашағынан қорқа беретін адам артқа кете береді.
8. Махаббатқа мұқтаж әйел киімге тоймайды.
9. Ақша керек деп жанталасып жүрген адамдарға негізі керегі ақша емес-махаббат!
10. Қиындықтан шыққысы келетін адам қуанып үйрену керек», — деп жазды айтыскер ақын.