20 қыркүйекте Ресейде халықаралық музыкалық "Интервидение – 2025" байқауының финалы өтеді.
"Интервидение – 2025" байқауында Қазақстан атынан Amre лақап атымен танымал әнші Ернар Садырбаев өнер көрсетеді. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасаған Skifnews.kz ақпарат порталы хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, биыл 20 қыркүйекте Ресейде халықаралық музыкалық "Интервидение – 2025" байқауының финалы өтеді.
Қазақстан атынан бұл байқауға "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Amre лақап атымен танымал әнші Ернар Садырбаев қатысады.
Ернар Садырбаев – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Pop, pop-classic, latino және R&B бағыттарында орындайтын әнші халықаралық фестивальдер мен байқаулардың жеңімпазы.
2018 жылы Ернар Садырбаев Витебск қаласында өткен "Славян базары" фестивалінде бірінші орын иеленген.
2021 жылы Қазақстанда өткен "Маска" телевизиялық шоуына қатысқан. Шоу барысында Ернар "Бүркіт" бейнесінде өнер көрсетіп, жұрттың ерекше ықыласына бөленген еді.
Сондай-ақ әнші ресейлік "Голос" жобасына қатысып, шоуда Дима Биланның командасына қосылып, финалға дейін жеткен болатын.