Сотта Жұбаныш Жексенұлы кінәсін мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады.
Ашық түрде өткен сот отырысында Жұбаныш Жексенұлына қатысты әкімшілік іс қаралып, оған 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы. Оқиға 21 шілде күні Астана қаласындағы әуежайда болған. Жәбірленуші Зәуре Садыкбекованың айтуынша, ол екі құрбысымен бірге Алматыға ұшқалы тұрған сәтте әншімен кездейсоқ жолығып қалған. Әйелдің сөзінше, әншіден алкоголь иісі шығып тұрған. Ол әншіні видеоға түсіруге рұқсат сұрап, телефонын қосқанда, ер адам дөрекілік көрсетуін доғарған, бірақ түсірілім тоқтағаннан кейін қайтадан былапыт сөздер айта бастаған. Садыкбекова екінші рет видеоны қоспақ болғанда, әнші оның қолына ұрып, телефонды қағып жіберген. Мұндай жағдай екі рет қайталанған. Салдарынан жәбірленушінің телефоны зақымданған. Куәгерлердің айтуынша, Жексенұлы жәбірленушінің құрбысының телефонына да ұмтылып, оны тартып алуға тырысқанымен, бұл әрекеті сәтсіз аяқталған. Бұл сәттердің барлығы видеоға түсіп қалған. Сотта Жұбаныш Жексенұлы кінәсін мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады. Ол сол күні аздап ішімдік ішкенін де мойындады.